Ұлттық арнаның мерекелік тартуы
0:00:00 0:00:00 Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз! «Qazaqstan» Ұлттық арнасы көрермендерге мерекел ...
0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Кезінде Наурыз мерекесін қазақпен қайта қауыштырған рух сардары Өзбекәлі Жәнібеков есімін иемденген Шымкенттегі педагогика университеті биыл Наурыз мерекесін тойлауға ерекше тағылым қосты. Білім ордасының тарихшы ғалымдары ұлттық салт-дәстүрлеріміздің шығу төркіні мен әуел бастағы этнографиялық дұрыс нұсқасын көпшілікке көрсетіп, түсіндіріп берді.
Еңсесін тіктеп, қаз тұрған баласына қазақ ежелден-ақ тұсаукесер ғұрпын жасайды. Бірақ бүгінде сол ата дәстүрдің өзінде өзгешелік көп. Сәбидің алдында автокөлік кілті, ақша, кітап, музыкалық аспап қойып, болашағына алдын ала болжам жасап жатады. Дәстүрдің тап осы бөлігі корей халқының ғұрпы екенін көпшілік, әсіресе жастар жағы білмейді, — дейді ғалымдар.
Қайрат Анарбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
Ұлттық құндылықтар сақталғанда ғана халықты өзгелерден ажыратып және сол халықты тану үдерісі жүреді. Бұл дәстүрлерді көрсетуде этнограф ғалымдардың, дәстүртанушы мамандардың айтқандарын ортаға салып, ұлттық дәстүрді көрсетуге тырыстық.
Наурыз мерекесінде тұсаукесерден бастап, беташар, құда болу, балаға ат қою секілді ұлттық дәстүрлеріміз көрсетілді. Сәлем салу – әдептілік пен үлкенді сыйлаудың белгісі. Ол бүгінде жастарды жаңсақ ойға жетелейтін жандардың айтуындағы табыну немес сыйыну емес. Ал қыз алып қаштық деп желігіп, бойжеткенді ықтиярсыз қалыңдық ету ата дәстүр мен мен бүгінгі қоғамның заңына да қайшы әрекет.
Сәуле Тілеуова, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:
Ұстаз дегеніміз – тәрбиеші, ол – педагог, ол – мұғалім. Ол ертең білім мекемесіне барғанда не бере алады, не көрсете алады деген мақсатта, ұлттық құндылықтарды санасына сіңіру мақсаты болды.
Думанды мерекеде салт-дәстүрлерден бөлек ұлттық спорт ойындары да ұйымдастырылды. Толағай, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, асық ату секілді ұлттық спорт ойындар өткізіледі. Білім ордасында бүгінде жәнібековтану орталығы жұмыс істейді. Ғалымдар осындағы мамандардың көмегімен ұлттық құндылықтарымызды тек меркелерде ғана емес, күнделікті сабақ барысында да ұрпақ бойына сіңіруді жалғастыра бермек.
Ғани Қалмаханов