Шымкентте көше атаулары өзгертіледі
Шымкент қаласына мегаполис мәртебесі берілгеннен кейін әкімшілік басқару жүйесі жетілдіріліп, жаң ...
Қызылордада этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ата-бабадан жеткен дәстүрді дәріптеді. Әр үйде қазан көтеріліп, Наурыз көже әзірленіп жатыр. Тілегі мен ниеті бір жұрт Наурызнама аясындағы Ынтымақ күніне осындай әр берді. «Басты мақсат – береке мен бірлікті нығайту»,– дейді ұйымдастырушылар.
Наталья Мишукованың отбасы Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатымен қарсы алады. Қазақ әулетінің келіні Ұлыстың ұлы күні ұлттық тағамның түр-түрін әзірлейді. Соның ішінде наурыз көже дайындауға ерекше ынта-шынтасымен кіріседі екен.
Наталья Мишукова, қала тұрғыны:
-Сүрленген еттен міндетті түрде дайындалу керек. Соның сорпасына түрлі дәндерді қосып, дайындап әзірлеп, міндетті түрде ең соңынан қамыр қосылып, сүзбеге араластырып, сөйтіп береміз.
Шаған ауылының тұрғыны Тумиш Лободанова да жыл бастау мерекесін көрші-көлеммен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Дастарханға қазақтың басты ұлттық тағамы ет қойып, қонақжайлық көрсетеді. «Ауылдағы ағайынның ауызбірлігі – осындай шараларда нығая түседі», – дейді шешен этносының өкілі.
Тумиш Лободанова, Шаған ауылының тұрғыны:
-Өзім Жалағаштың қызымын. Бірақ 35 жылдай болды Шағанда тұрып жатырмын. Өте жақсы, шешен демейді, қазақ демейді, сыйлайды, барлық іс-шараға шақырады. Жақсы, ризамын. Татулық, бірлік болсын дейміз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
-Ынтымақ күніне орай достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдері бас қосып, ұлттық ойындарды ұлықтады. Олар қол күресі, арқан тарту, гір көтеру, асық ату секілді бірқатар спорт түрінен өзара сынға түсті.
Бақытжан Камалов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры:
--Мұндағы мақсатымыз біздің береке, бірлігімізді одан әрі дәріптеу, жалғастыру болып табылады. Одан бөлек жергілікті этномәдени бірлестіктің жетекшілері, ассамблея мүшелері осы шараға белсенді түрде қатысып, ұлттық тағамдарды әзірлеп, ауызашар рәсімін өткізіп жатырмыз, дәстүрге сәйкес.
Облыстық ассамблея Наурызнаманың әр күніне арнап танымдық шаралар ұйымдастырған. «Игі бастамаға этнос жастары белсенді қатысуда»,– дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев, Айтмұхамбат Байділдаев