• 24-03-2025

Абай институттары – қазақ мәдениетін әлемге танытудың жаңа кезеңі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайда шетелде Абай институттарын ашу мәселесін көтеріп, оны халықаралық деңгейдегі толыққанды мәдени-ағарту орталығына айналдыруды тапсырды. Бұл бастама қазақ мәдениетін, тілін және рухани мұрасын жаһандық деңгейде насихаттаудың маңызды қадамы болмақ.

Абай институтын дамыту идеясы алғаш рет 2019 жылы ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай айтылған болатын. Бүгінде ол қазақ тілін үйретуге арналған цифрлық платформа ретінде жұмыс істеп тұр. Ендігі мақсат – бұл жобаны әлемге әйгілі Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты ірі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру.

Абай институттары қай елдерде ашылады?

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Абай институттарының жаңа орталықтары алдымен қазақ диаспорасы көп шоғырланған және Қазақстанмен тығыз мәдени байланысы бар елдерде ашылады. Қазірдің өзінде Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде мұндай орталықтар құру жоспарланып отыр.

Бұл институттар қазақ тілін оқыту ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетін дәріптеуге арналған мәдени-ағарту кеңістігіне айналады. Әлемдік тәжірибеде мұндай институттардың маңызы зор. Мысалы, Қытайдың Конфуций институттары қытай тілін әлемге кеңінен таратумен қатар, қытай мәдениетін, философиясын және дәстүрін насихаттауға ықпал етіп келеді. Сол сияқты Германияның Гете институттары неміс тілін үйретіп қана қоймай, неміс мәдениеті мен әдебиетін дәріптеуге ерекше мән береді. Ал Испанияның Сервантес институттары испан тілін оқыту мен испан мәдениетін жаһандық деңгейде ілгерілетумен айналысады.

Абай институттары да осы тәрізді қызмет атқарып, шетелдік аудиторияға қазақ мәдениетін жан-жақты таныстыратын маңызды орталыққа айналуы тиіс. Бұл орталықтар қазақ әдебиеті мен өнерін, салт-дәстүрін, музыкасын насихаттаумен қатар, қазақ тілін үйрету бойынша кешенді бағдарламаларды жүзеге асырады.

Абай институттарының маңызы мен мақсаты

«Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Ақжол Қалшабек бұл бастаманың терең мәніне тоқтала отырып, институттардың негізгі бағыттарын түсіндірді:

Институт ашылатын мемлекетке қарай хакім Абай қамтыған материалдарды ұсыну арқылы оның шығармашылығын насихаттауға болады. Бірақ бұл жоба тек ақынның шығармашылығын дәріптеуге ғана бағытталмауы керек. Негізгі мақсат – Қазақстанның мәдениетін, рухани әлемін жан-жақты таныстыру, бір сөзбен айтқанда, рухани-мәдени байланыс орнату. Абайды бетке ұстай отырып, елді насихаттау қажет. Абай – біздің ұлттық брендіміз, дәл қытайлар үшін Конфуций, немістер үшін Гете қандай маңызды болса, қазақ халқы үшін де Абай сондай әлемдік деңгейдегі тұлға. Сондықтан бұл институттар тек қазақ әдебиеті мен философиясын ғана емес, Қазақстанның тарихы мен құндылықтарын да таныстыратын алаң болуы тиіс.

Абай институттары қазақ мәдениетін дәріптеп қана қоймай, біздің ұлттық болмысымыздың әлемдік өркениеттегі орны бар екенін дәлелдеуге көмектесуі керек. Абайдың өзі орыс әдебиетімен, мәдениетімен терең байланыста болғаны белгілі. Лермонтов пен Пушкинді аударып, Толстойдың еңбектерін зерттегенін ескерсек, бүгінгі таңда осы бағытты дамытып, Абай шығармаларын әлемдік деңгейде кеңінен насихаттау қажет.

Абай шығармаларын насихаттаудың заманауи тәсілдері

Абай институттарын ашу барысында оның шығармаларын белгілі бір бағыттарға бөліп қарастырудың қажеті жоқ. Себебі оның еңбектері – тұтас бір философиялық әрі әдеби организм. Институттардың ашылатын мемлекетіне қарай ұлы ойшылдың қара сөздері мен өлеңдерін бейімдеу маңызды.

Абайдың қара сөздері – социологиялық еңбек. Онда адамзаттық деңгейде өзекті мәселелер қозғалған. Мысалы, 37-қара сөзінде әлемдік деңгейдегі тарихи-философиялық шолулар жасалып, адамзатқа ортақ құндылықтар сарапталған. Сондықтан біз Абайдың еңбектерін аудару мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек. Аудармалардың сапасы жоғары деңгейде болуы шарт. Ағылшын, қытай, орыс, араб, неміс тілдеріне жасалатын аудармалар өте сапалы әрі көркем түрде берілуі тиіс. Әрбір тілдік ортаның ерекшелігін ескере отырып, аударма жасаған жөн, – дейді Ақжол Қалшабек.

Бұл институттар тек қазақ тілін үйрететін орталықтар болып қалмауы тиіс. Қазақтың мәдениеті, әдебиеті, киносы, ұлттық өнері және дәстүрлі музыкасы да әлемдік аудиторияға тартымды етіп ұсынылуы керек. Оған креативті форматтар мен заманауи технологияларды пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.

Қазақ мәдениетін насихаттаудың халықаралық тәжірибесі

Әлемде белгілі бір ұлттың тілін және мәдениетін дәріптейтін орталықтардың сәтті мысалдары бар. Қытайдың Конфуций институттары, Германияның Гете институттары, Испанияның Сервантес институттары және Францияның Альянс Франсез орталықтары өз елдерінің мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауда үлкен рөл атқарды. Бірақ олар әлемнің түкпір-түкпірінде мыңнан астам орталықтар ашты.

Конфуций, Гете институттарымен салыстыру қиын. Себебі олардың ауқымы мен мүмкіндіктері әлдеқайда кең. Бірақ олардың табысқа жетуінің басты себебі – алдымен тілдік мәселелерді шешіп алғандығы. Біз де дәл осы жолды ұстанып, қазақ тілін насихаттауға басымдық беруіміз керек. Осы бағытта тіл курстарын ұйымдастыру – Абай институттарының негізгі міндеттерінің бірі болуға тиіс. Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан шетелдіктер мен қандастар үшін сапалы оқу бағдарламаларын әзірлеу қажет. Содан кейін ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді кеңінен насихаттай аламыз, – деп атап өтті Ақжол Қалшабек.

Абай институттарының құрылымы мен басқару жүйесі

Абай институттарының қызметі жүйелі түрде ұйымдастырылуы қажет. Ақжол Қалшабектің пікірінше, орталық басқару органы Астана немесе Алматы қаласында орналасуы тиіс. Бұл бүкіл жобаның үйлесімді және тиімді жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Институттардың құрылымы нақты жүйеленіп, жарғысы бекітілуі керек. Қазақстанда кезінде белгілі абайтанушы ғалым, ұстазымыз Мекемтас Мырзахметұлы бұл мәселені қатты көтерген болатын. Өкінішке қарай, оның идеясы толық жүзеге аспай қалды. Бірақ бұл бағытта ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мұнда ғылыми-зерттеу ғана емес, Қазақстанды халықаралық қауымдастыққа жан-жақты таныстырудың кешенді жүйесі қалыптасуы тиіс. Халықаралық стандарттарды сақтай отырып, қазақ мәдениетін әлемге насихаттаудың тиімді әдістерін қолдану қажет, — дейді ғалым.

Қазақ диаспорасының рөлі мен халықаралық байланыстар

Шетелдегі қазақ диаспорасы – Абай институттарының жұмысына тікелей үлес қоса алатын әлеуетті күш. Әлемнің түрлі елдерінде қазақтар өмір сүріп жатыр, олардың ішінде ғылым мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес.

Қазақ жоқ ел жоқ. Америкада да, Еуропада да, Қытайда да, Ресейде де қазақ диаспоралары бар. Олардың интеллектуалды және ғылыми әлеуетін пайдаланып, ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет. Бұл – Қазақстан үшін ғана емес, сол елдердегі қазақ диаспоралары үшін де тиімді болмақ. Біз бұл жұмысты Қазақстан мен шет мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайту бағытында жүргізуіміз керек, – дейді Ақжол Қалшабек.

Осы тұрғыда Абай институттары шетелдік қазақтардың мәдени әрі ғылыми әлеуетін пайдалана отырып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек.

Абай институттарының рөлі мен маңызы

Абай институттары қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытуда маңызды рөл атқарады. Олардың негізгі бағыттарына мыналар кіреді:

  • Қазақ тілін шетелдіктер мен қандастарға оқытатын орталық ретінде жұмыс істеу. Бұл орталықтарда қазақ тілін меңгеруге арналған арнайы курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қазақ тілін оқытуға арналған заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдар қолданылады.
  • Қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеушілер үшін ғылыми алаңға айналу. Институттарда қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылық танытқан шетелдік ғалымдар мен зерттеушілерге арналған арнайы бағдарламалар жүзеге асырылады.
  • Қазақстанның мәдени және рухани құндылықтарын насихаттау. Абай институттары қазақ өнері мен дәстүрлерін таныстыру мақсатында түрлі мәдени шаралар, көрмелер, әдеби кештер, өнер фестивальдерін ұйымдастырады.
  • Шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен әріптестік орнату. Бұл қазақ тілі мен мәдениетінің халықаралық деңгейде зерттелуіне және дамуына серпін береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл институттардың ұлттық сананы нығайтатын қуатты құрал болатынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бұл бастама халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының жұмысына серпін беріп, қазақ тілінің жаһандық деңгейде дәріптелуіне ықпал етеді. Абай институттарының сәтті жұмыс істеуі Қазақстанның мәдени дипломатиясының маңызды бөлігіне айналып, әлемдік қауымдастықтағы беделін арттыруға көмектеседі.

Абай институттарын дамыту – Қазақстанның мәдени саясатының жаңа кезеңі. Бұл жоба арқылы еліміздің рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтары халықаралық деңгейде кеңінен танылып, қазақ тілі мен мәдениеті жаһандық өркениеттің маңызды бөлшегіне айналады. Абайдың «Толық адам» ілімі мен рухани мұрасы бүкіл әлемге насихатталып, болашақ ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашады.

Шетелдерде Абай институттарын құру Қазақстанның мәдени өрісін кеңейтіп, ұлттық бірегейлігін сақтауға және қазақ тілінің халықаралық мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің мәдени-рухани дамуындағы маңызды қадам, әрі әлемдік қауымдастықпен байланысын тереңдетудің тиімді жолы.