• 24-03-2025

АҚШ асып кеткен тағы бір қазақ баласы ата-анасын іздеп келді

1999 жылы Тараз қаласында дүниеге келген Пол Сардарды анасы туғаннан кейін тастап кеткен. 11 айлығында оны америкалық отбасы асырап алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

25 жыл өткен соң өз тамырын танып-білу үшін Қазақстанға оралған жігіт Tengrinews.kz тілшісіне өз оқиғасын баяндады.

АҚШ-та өскен ата-анасы оған Пол Сардар Бэбкок деген есім берді. “Сардар” есімі оған Қазақстанда, перзентханада берілген. 20 жасында ол өз биологиялық ата-анасын іздеуді бастаған, Ал биыл қаңтар айында Алматыға келіп, қазір қазақ тілін үйреніп жүр.

АҚШ-та “Халықаралық қатынастар” мамандығы бойынша оқыған ол, қазір туристік компанияда тағылымдамадан өтуде. Қазақ тілін үйренуді өзіне міндет санағанымен, оның өте қиын екенін мойындайды.

- Қазақстанды мен өз Отаным деп есептеймін. Қазақ тілін үйреніп жатырмын, өйткені бұл мен үшін маңызды. Балалық шағымда мені асырап алды, сондықтан Америкада өскенде өз мәдениетімді де, тілімді де білмедім. Қазір қазақ тілі маған өте қиын, бірақ көбірек күш салу керек деп ойлаймын. Қай елде тұрсаң да, өз ана тіліңде сөйлей білу маңызды. Оны үйренуге тырысып жатырмын, бірақ бұл өте баяу және қиын жүріп жатыр. Дегенмен уақыт өте келе жетістіктерге жетемін деп үміттенемін, – дейді Пол Сардар.

Пол Сардардың айтуынша, қазақтар мен америкалықтардың өмір сүру салты айтарлықтай ерекшеленеді. Қазақтар отбасыға баса мән береді, ал америкалықтар көбінесе жеке өмірге бағытталған. Қазақстанда адамдар бастапқыда суық көрінгенімен, жақын танысқан соң өте қамқор болады. Қазақтар ойын ашық айтады, ал АҚШ-та мұндай тікелей пікір айту әдетке сай емес. Спорттық қызығушылықтар да әртүрлі: қазақтар бокс, күрес, футболды ұнатады, ал америкалықтар америкалық футбол мен баскетболға жақын.

Пол болашақта қазақ қызымен үйленіп, балаларын қазақ тілінде тәрбиелегісі келеді. Қазақстанда ұзақ уақыт тұрып, мәдениетін тереңірек түсінуді қалайды. Сонымен қатар АҚШ пен Қазақстан арасында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мамандық тапқысы келеді.

Пол туған ата-анасын бес жылдан бері іздеп жүр, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Ол Тараздағы балалар үйіне барып, журналистердің көмегімен іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда анасы оны не себепті тастап кеткені және кездесуге дайын ба, ол жағы ба белгісіз. Соған қарамастан, ол ата-анасын табудан үмітін үзбей келеді.