Таза Қазақстан: Тараздықтар "Денсаулық" саябағын қоқыстан тазартты
Таразда Наурызнама онкүндігі аясында Тазару күніне орай бірқатар саябақтар мен көшелерде тазалық жұмыстары жүр ...
Ел студенттерінің әлемнің түкпір-түкпірінде қалу туралы статистикалық шешімі көпшілікті шошытары анық.
Әрине, жалақының аздығы, яғни жұмыс күшінің дұрыс бағаланбауы да бұған себеп бола алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Несін жасырайық, бүгінде шетел асып, нәпақасын тауып жүргендердің саны айтарлықтай артты. Әлбетте, бұл үрдісті екі жағдайға бөлген дұрыс. Бірі арман қуып, Қазақстанда алған білімін жетілдіру мақсатында мұхит асқандар болса, екінші бөлігі – материалдық ахуалдың қиындауына байланысты "жақсы қаражат табамын" деп өзге елдің шекарасын аттағандар. Осы орайда, әрқайсысының өз шындығы бар екенін де ескеру шарт.
Жалпы, білімді жастардың елден кетуі бұрыннан бар құбылыс. Яғни, "қаймақтардың" дамушы елдерде өмір сүргісі келуіне, сол елдерге құмартуына белгілі-бір деңгейде "жұмсақ күш" әсер етуі мүмкін. Бұл – басқа тақырып. Бұған пессимистік тұжырым жасамай, оптимистік тұрғыдан топшылау да дұрыс сияқты. Негізінде мұндай шешім қабылдайтындардың көпшілігі – Назарбаев Зияткерлік мектебі секілді оқу ордаларын бітіріп, IELTS, SAT, TOEFL секілді тест-конкурстар көмегімен бакалавр дәрежесінен бастап-ақ құрлық асуды жөн көрген оқушылар.
Одан бөлек, елімізде бакалаврды үздік бітіріп, магистратура немесе докторантураны шетелде оқимын деушілерге арналған "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағы бар. 1993 жылы күшіне енгізгелі бері академиялық ұтқырлығымен ерекшеленген біршама студент сырт жақта білім алып келді. Олардың ішінде елге қайтып, ұлт мүддесіне жұмыс істегендері бар, сонда қалып, өзге елде "сұлтан" болып жүргендер де жоқ емес.
Не болса да, білімді жас буынның шетелге "сонда мәңгіге қаламын" деген оймен бармайтыны анық. Көбінің діттегені – біраз жыл оқып, елге қайтып, өз мамандығы төңірегінде еңбек ету. Алайда "көпшілік бұл ойдан аздаған уақыт адаптациядан өткеннен кейін айниды" дейді сарапшылар. Шетелде оқу орындарының біздегіге қарағанда жан-жақты, әлдеқайда дамығаны айтпасақ та белгілі. Енді осы мәселені екі жақты қарастырсақ.
Мәселе басы – мүмкіндікте. Бакалавр не магистратура, докторантура оқып жүрген жас қауым сонда жүргізген зерттеу жұмыстары, практикадан соң мансабы жайлы тереңірек ойлана бастайды.
"Жастардың барған жерінде қалуына өзге де психологиялық факторлар әсер етеді" дейді мамандар. Айтуынша, шетелге кеткен студенттер бастапқыда өзін уақытша көшіп кеткендей сезінгенімен, кейін жаңа ортаға бейімделіп, сол елдің мәдениеті мен құндылығын бойына сіңіре бастайды. APA психологиялық қауымдастығының зерттеуіне сүйенсек, шетелге білім алуға кеткен студенттердің шамамен 60%-ы сол елде қалу туралы шешімді оқудың соңғы жылында қабылдайды екен.
Шетелге кеткен қазақ жастарының барлығы бірдей жоғары білім алып, ғылым мен технология саласында жетістікке жетіп жатқан жоқ. Ол – бесенеден белгілі жайт. Яғни, олардың бір бөлігі қарапайым жұмыс күшіне айналып, біліктілікті талап етпейтін жұмыстарды істеуге мәжбүр. Бұл – тек Қазақстанға ғана емес, тұтас Орта Азияға тән құбылыс.
Қазақстандықтардың еңбек миграциясы көбіне Ресейге, Оңтүстік Кореяға, Түркияға және Еуропаның кейбір еліне бағытталған. Ресей – Қазақстандағы негізгі мигрант қабылдаушы елдердің бірі. Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің екі жыл бұрынғы мәліметі бойынша, сол жылы 250 мыңнан астам қазақстандық ресми түрде жұмысқа орналасу мақсатында Ресейге барған.
Олар көбіне құрылыс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етеді. Алайда бұл ресми тіркелгендер ғана, бейресми немесе маусымдық мигранттардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Тағы бір ескеретін жайт, мұның бәрін жастар деуге де келмейді.
Оңтүстік Корея да соңғы жылдары қазақстандық еңбек мигранттары үшін ерекше танымал бағытқа айналды. 2023 жылы Кореядағы қазақстандық жұмысшылар саны 15 мыңға жуықтады, олардың көбі қара жұмыс істеп, ауыр еңбекке жегіледі. Кореялық зауыттар мен ауыл шаруашылығы кешендерінде күніне 12-14 сағат бойы жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін бұл еңбек миграциясы – көбіне уақытша шешім. Бірақ кейбіреулері ұзақ уақытқа қалып, заңсыз көші-қон қатарына қосылады.
Орта Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, Қазақстаннан шетелге жұмысқа кету деңгейі – сәл төмендеу. Дегенмен, бұл елден кеткен мигранттардың әлеуметтік жағдайы көрші Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарымен салыстырғанда біршама жақсырақ.
БҰҰ-ның 2022 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстаннан тыс жерлерде жұмыс істейтін мигранттардың үлесі 3-4% болса, Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш 20%-дан асады. Ресейдегі мигранттар жөніндегі 2023 жылғы зерттеу Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарының көбіне қызмет көрсету мен коммуналдық шаруашылық секторында жұмыс істейтінін, ал қазақстандықтар көбіне құрылыс пен логистика саласына тартылатынын көрсетті.
Осы орайда әлеуметтік факторларды да ескеру қажет секілді. Көптеген жас азамат үшін шетелге шығу тек ақша табудың ғана емес, жаңа өмір бастау мүмкіндігі ретінде қабылданады.
Қара жұмысқа кететін жастардың тағы бір тобы – ауыл жастары. Олардың көбі білімге қолжетімділіктің төмендігіне байланысты жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Ал кәсіби білімсіз тұрақты әрі жоғары жалақысы бар жұмыс табу оңай емес.
Шетелге кеткен жастардың барлығы елге оралмауы мүмкін, бірақ бәрін "Қазақстанға пайдасын тигізбейді" деп айту қате. Ғылым мен технологияда жетістікке жеткен азаматтар халықаралық тәжірибесін Қазақстанға бағыттап, инвестиция тартып, жергілікті жобаларға үлес қосып жатыр. Дегенмен, қара жұмысқа кеткен жастардың шетелде тұрақтап қалуы елдің еңбек ресурстары мен демографиялық әлеуетіне тікелей әсер етеді. Жоғарыда жазғанымыздай, бұл тек біздің елге ғана қатысты мәселе емес. Десе де, тақырыпты түпкілікті жауып қоюға да әсте болмайды.