Қазақстанда ана өлімі өсіп барады - депутат
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысы – Қазақстан Республикасының премьер-Министрі Орынбасар Бек ...
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысы – Қазақстан Республикасының премьер-Министрі Орынбасар Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында ана мен бала өмірінің қауіпсіздігі мен медициналық қызмет сапасына қатысты күрделі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сауал мазмұнында еліміздегі перинаталдық орталықтардың жағдайы, ана мен сәби өлімі статистикасы және саладағы жүйелі проблемалар нақты деректермен негізделе отырып айтылған.
Депутат өз сауалында: «Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады Қазақстанда» – деп, ана мен бала қауіпсіздігінің бүгінгі ахуалын жан-түршігерлік мысалмен сипаттады. Оның айтуынша, соңғы алты жылда нәресте өлім-жітімі бойынша мынадай ресми деректер тіркелген: 2019 жылы – 3 360, 2020 жылы – 3 286, 2021 жылы – 3 732, 2022 жылы – 3 154, 2023 жылы – 2 998, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша – 2 598 нәресте шетінеген.
Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес – деп атап өткен депутат, бұл жағдайдың аса алаңдатарлық екенін жеткізді.
Сорақысы – Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстарында сәби өлімі өсіп отырғаны көрсетілген.
Тақырыптың келесі бір өзекті қыры – ана өлімі. Сауалда келтірілген деректерге сәйкес, соңғы алты жылда елімізде босану кезінде 563 әйел көз жұмған. «Сорақысы сол, еліміздің 10 облысында ана өлімі көбейген», – деді халық қалаулысы. Әсіресе Жетісу, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстары бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда тұр. 2024 жылы ана өлімінің 54 пайызы қалада, ал 46 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген. Тағы бір алаңдатарлық жайт – төрт және одан да көп баласы бар аналар арасында өлім-жітімнің өсуі. Соның салдарынан 97 бала тірі жетім атанған.
Салада кадр тапшылығы мен инфрақұрылымның ескіруі де өткір мәселеге айналған. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, алайда әлі де 389 маман жетіспейді. Босандыру ұйымдарында еңбек ететін 1 679 акушер-гинекологтың тек 560-ы (35%) ғана ампутация жасай алады, ал операциялық техниканың барлық түрін меңгергендер – 438 дәрігер (21%) ғана. Бұл көрсеткіштердің өзі-ақ жағдайдың ауырлығын аңғартады.
Сондай-ақ депутат бірқатар перзентханалардың халықаралық талаптарға сай келмейтінін, олардың инфрақұрылымы тозып, құрал-жабдықтардың жетіспейтінін сынға алды. Атап айтқанда, көптеген мекемелерде «орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері, флора мен антибиотиктерге сезімталдықты анықтайтын зертханалар жоқ» екені атап өтілді. Медициналық техникаға келсек, кейбір орталықтарда УДЗ, КТГ, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары мен СМАД аппараттары мүлде жоқ.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан сөзі де назардан тыс қалмады. «Дертке шалдыққан балалардың ата-аналары Астанаға барып, ем алуға мәжбүр» деген президент тапсырмасына сілтеме жасай отырып, депутат әр облыста заманауи денсаулық сақтау орталықтарын салу қажеттігін еске салды.
Депутат төмендегі нақты ұсыныстарды Үкімет қарауына ұсынды:
Осы аталған ұсыныстар ана мен бала денсаулығына деген мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықты күшейтіп, елдегі перинаталдық көмектің сапасын арттыруға және өлім-жітім көрсеткіштерін азайтуға бағытталғаны сөзсіз.