Ол 10 күн бойы ең суық материк саналатын Антарктидада болып келген.
Осылайша, ақтаулық азамат Руслан Чуров бала күнгі арманына қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Антарктиданы, ондағы пингвиндерді табиғи ортасында көру мен үшін арман еді. Бірақ тағдыр күтпеген сый жасады. Ойламаған жерден ұсыныс түсіп, мен бірден келістім, – дейді саяхатшы.
Руслан Чуровтың сапары 20 күнге созылған. Оның 10 күнін Аргентинада өткізсе, қалғанын Антарктидаға арнаған. Ол мұз құрсауындағы суық әрі ерекше материкке бару үшін барынша дайындалған. Руслан алдымен Антарктиданың қақпасы саналатын Аргентинаның Ушуайя қаласына барғанын айтады.
– Қазақстаннан Ушуайяға әдетте екі-үш күнде жетуге болады. Антарктидаға круиздер осы Ушуайя қаласы арқылы басталады. Дегенмен, мен Аргентинамен де танысу үшін саяхатымды ұзартуды жөн көрдім, – дейді ол.
Ақтаулық тұрғын Антарктидаға заманауи әрі жайлы "Magellan Explorer" мұзжарғышымен жеткен. Сөзінше, круиздерінің құны 10-16 мың долларға дейін, ал ұшу және тұру шығыны – шамамен 1,5-2 миллион теңге.
– Мен карталар таусылып, мұздың сиқыры басталатын жерге бардым. Жер бетінің бір шетіне жетіп, аяғым мұзға тигенде ерекше сезімде болдым. Табиғаттың шеберлігіне қатты таңғалдым. Бір мезгілде бәрін таспалап та, үнсіз таңданыспен тұрғым да келді. Білесіз бе? Армандар шынымен орындалады! – деп ағынан жарылды турист.
Руслан Чуров саяхатында қуаныш пен қорқыныш қатар жүргенін жасырмайды. Жұп-жұбымен жүрген пингвиндер, қайықтан бірнеше метр жерде жүзген киттер және полярлық күн астында жарқыраған мұздықтар оған ұмытылмас әсер қалдырған.
– Бұл – жай ғана әдемі емес, бастапқы қалпында тұрған жаратылыс. Антарктиданы жердің "соңғы шекарасы" деп атайтынын енді түсіндім. Оны бағындыру мүмкін емес. Құпиясын ғана сезінесің және жүректе мәңгі із қалдырады, – деп сөзін қорытындылады саяхатшы.