• 31-03-2025

Қызылорда облысының Еуропадағы өнер күндері Испанияда мәресіне жетті

Қызылорда облысының Финляндия, Эстония мемлекеттерінде өткен өнер күндері одан әрі Испанияның Мадрид қаласында жалғасып, Ұлыстың ұлы күніне арналған концертпен қорытындыланды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылған осы өнер сапары барысында Еуропа жұртшылығы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызы туралы мол ақпаратқа қанықты.

Сапардың мақсаты да осы, яғни қазақ халқының ұлттық мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру, шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмасу болатын.

«NAURYZ – CELEBRATION OF SPRING» атауымен өткен концертке көрермен көп жиналды. Онда Қазақстанның Испания Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Данат Мұсаев пен Леганэс қаласы әкімінің орынбасары Дэльгадо Карлос сөз сөйлеп, Сыр елінің өнерпаздарына алғыс білдірді.

Бай мәдениеті, тарихы және тамаша табиғатымен әйгілі Испания елі өзінің тамыры терең өнерін, ғажайып сәулетін мақтаныш етеді. Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерінен үндестік тапқандықтан, көрермен қауым сахнада шырқалған ән-жырға, жалпы концерттік бағдарламаға зор қызығушылық танытты. Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары күн мен түннің теңелетін, күллі тіршілік қайта түлейтін табиғат мерекесінің бар бояуын жарқыратып ұсынды. «Жарапазан» айтылып, қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылды. Наурыз- думанның басталғанын «Тойбастар» әнімен көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына, диаспора мүшелеріне, қазақстандық және шетелдік студенттерге ұлт қазынасының мол мұрасы туралы мағлұмат берді.

Концертке «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай), Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Самал Байсейтова, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, Мұхтар Ниязов, Бағдәулет Қарғабаев, Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев, Тоқтар Ағыраев, Ақнұр Аманбаева, Сәбит Ділдабаев, Алмас Әлжанов, Заманбек Нысанбаев, Арман Төлеш қатысып, өнер көрсетті.

Гастрольдік сапарда көрерменге концерттік бағдарламамен қатар, қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. Ұлттық нақышпен безендірілген сый-сияпат та таратылды.