Олигарх Александр Машкевич өмірден өтті
Eurasian Resources Group (ERG) және Еуразиялық қаржы компаниясының акционері, директорлар кеңесінің төраға ...
Бұдан былай ел билігі бизнесті бөлшектеуге бақылауды күшейте түспек.
Inbusiness.kz тілшісі Қазақстанның салық органдары мұндай фактілерді анықтау үшін қандай белгіні қолданатынын зерттеп көрген еді.
Негізінен, салық заңнамасындағы өзгерістер қарсаңында бизнесті бөлшектеу мәселесі кәсіпкерлер үшін маңызды саналып отыр. Заңдық тұрғыдан нақты белгілері бекітілмесе де, билік салықтық жүктемені азайтуға бағытталған сызбанұсқаға баса назар аударуды жоспарлаған.
Осы орайда, inbusiness.kz редакциясы сарапшымен тілдесіп, компаниялардың аффилиирлену белгілерін талдады және салықтық тексеру қаупін азайту жолдары бойынша кеңес алды.
Кәсіпкерлер құқықтық олқылықты өз мүддесіне пайдаланып отыр
Бухгалтерлік есеп және салықтық кеңес беру саласының маманы Мираида Шахарова Қазақстан заңнамасында "бизнесті бөлшектеу" терминінің нақты анықтамасы жоқ екенін айтады.
Оның сөзінше, мұны бизнес өкілдері де бас пайдасына жаратып отыр.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда "бизнесті бөлшектеу" термині салық кодексінде ресми түрде бекітілмеген. Бұл жеке құқықбұзушылық ретінде қарастырылмайды, сондықтан салық органдары тек осы күдік негізінде тексеру тағайындай алмайды. Десе де, кәсіпкерлер бұл құқықтық олқылықты өз мүддесіне пайдаланып отыр. Мысалы, бір сауда нүктесінде немесе қоғамдық тамақтану орнында бірнеше жеке кәсіпкер тіркеліп, табысты бөліп көрсетеді. Сонымен қатар, кейбір қызметкер бір компанияда ресми тіркелгенімен, іс жүзінде бірнеше байланысты ЖК немесе ЖШС-інде жұмыс істейді, тіпті кейбірі мүлдем тіркелмеген, – дейді ол.
Кәсіпкерлер бизнесті жасанды түрде бөлу арқылы негізінен салық міндеттемелерін оңтайландырып, жеңілдікті салық режимдерін сақтауға тырысады. Бір компанияны бірнеше заңды тұлға немесе жеке кәсіпкерлер ретінде бөліп көрсету ҚҚС төлеуден міндетті тіркеуден жалтаруға, әлеуметтік аударымдарды азайтуға және салықтық тексерулерден құтылып кетуге мүмкіндік береді. Сондықтан да, мемлекеттік органдар бұл әрекетті "салық төлеуден жалтару" деп бағалап, аффилиирленген құрылымдарды анықтау критерийлерін күшейтуге ниетті.
Тексерудің түр-түрі кәсіпкерлерді қалт жібермейін деп тұр
Ашық деректер мен халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, Мираида Шахарова фискалдық органдар жасанды бөлшектеу белгілерін анықтауда сүйенуі мүмкін негізгі критерийлерді атады.
Олар:
– Бір мекенжай, сайт, байланыс деректері;
– Бірдей қызмет түрі және ортақ меншік иелері;
– Бір-бірімен байланысы бар қатысушылар. Яғни, жаңа ЖК/ЖШС ашатын, бірақ іс жүзінде бір бизнес құрылымының аясында жұмыс істейтін туыстар немесе қызметкерлер;
– Ортақ қызметкерлер, есепшілер, заңгерлер және мүліктер;
– Бірдей серіктестер және күдікті қаржы айналымы;
– Жеңілдігі бар салық режимдерін жүйелі түрде пайдалану;
– Қаржылық есептілікті бір IP-адрестен жіберу.
Мұнан бөлек, компанияларды жасанды бөлшектеуді анықтау үшін қосымша критерийлер әзірленіп жатыр. 2025 жылдың наурыз айының соңынан бастап бақылау-касса машиналарын (БКМ) пайдалану ережелері қатаңдатылмақ.
Жаңа талаптарға сәйкес, барлық кассалық операция салық органдарында бір сағат ішінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, кассалық аппараттардың геолокация деректерін міндетті түрде беру жүйесі енгізілмек.
Салықтық тексеруден сақтанудың да амалы бар
Салықтық кеңесші қазір бизнес құрылымын қайта қарап, аудит жүргізу үшін ең қолайлы уақыт екенін айтады. Кәсіпкерлер ЖК мен ЖШС арасындағы ықтимал байланысты анықтап, әсіресе олардың бір отбасы мүшелеріне немесе бір компания қызметкерлеріне тіркелгеніне ерекше назар аударуы қажет.
Егер бизнес құрылымында қайталану болса, біріктіру немесе функцияларды қайта бөлу дұрыс шешім болуы мүмкін.
Егер бөлек жұмыс істеу заңды әрі негізделген болса, әрбір компанияның дербестігін құжат жүзінде дәлелдейтін құжаттар ұсына алуы тиіс.
Салық режимдерін қайта қарастырып, тиімді әрі қауіпсіз құрылымды қалыптастыру қашан да маңызды болады.
М.Шахарова отбасылық бизнес үшін туыстық байланыс салықтық бұлтарыс жасау дәлелі емес екенін де атап өтті.
– Мысалы, ерлі-зайыптылар некеге дейін екі бөлек компания құрған болса және оларды дербес басқарып келсе, бұл – заңды. Сондықтан, бизнесті бөлшектеу ретінде тану үшін нақты бірнеше критерийдің сәйкес келуі қажет, – деп қоса кетті сарапшы.
Осылайша, Қазақстан билігі бизнесті жасанды бөлшектеуге бақылауды күшейтіп жатыр. Кәсіпкерлерге салықтық тексерулерге ілінбеу үшін бизнес құрылымын қайта қарап, заңды тәуекелдерді азайту ұсынылады.