• 02-04-2025

Елордада «Парыз» байқауы басталды

Астанада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде «Парыз» байқауы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .

Елорда әкімдігінің мәліметінше, байқау халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін қоғам алдындағы өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Мемлекеттің акциялары, жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар байқауға қатысуға жіберілмейді.

Байқау төрт номинациялар бойынша:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады;

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

3) «Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады;

4) «Экологияға қосқан үлесі үшін». Бұл номинацияда қоршаған ортаның, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шараларын және жобаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі.

Толық мәліметті мына сілтемеден біле аласыздар.