• 02-04-2025

Көлік салығын төлемегендерге қатысты құқықтық шаралар: Көлікті алып қоюдан қалай сақтануға болады?

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көлік салығын уақытында төлемеген автокөлік иелеріне қатысты айыппұлдар мен көлік құралдарын алып қою сияқты шаралар қолданылуы мүмкін екенін ескертеді.

Мұндай шаралардың қашан және қалай қолданылатыны туралы ақпаратты білу, сондай-ақ төлемді уақытында өтеу арқылы ауыр зардаптардан құтылуға болады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Көлік салығы – Қазақстандағы барлық көлік құралдарының иелері үшін міндетті жыл сайынғы төлем. Тек кейбір санаттағы азаматтар салықтан босатылады, ал қалғандары үшін көлік салығын төлемеу түрлі құқықтық шараларға әкелуі мүмкін. Берешек сомасы 1 АЕК-тен асқан жағдайда, салық төлеушілерге салық бұйрықтары жіберіледі, ал оларды уақытында төлемеген жағдайда, жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолға алынады.

Бұл шаралардың ішінде мүлікті тәркілеу, шоттарға тыйым салу және 40 АЕК-тен жоғары берешегі бар тұлғаларға шекарадан шығуға тыйым салу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, полиция мен сот орындаушылары бірігіп рейдтер жүргізіп, көлік салығын төлемегендерді ұстайтын болады.

Егер салық бойынша берешек бар болса, оны өтеу үшін мемлекеттік кіріс органдары әртүрлі тәсілдер мен электрондық қызметтерді ұсынып отыр. Төлемдердің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын немесе салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі арқылы ақпарат алуға болады.

Ескерту: Көлік салығы көлік құралының қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі. Салық мөлшерін көліктің техникалық параметрлері бойынша өзіңіз есептей аласыз.