• 15-06-2025

Оралда «Talpyn» мүмкіндіктер алаңы шарасы өтті

Оралда «Talpyn» мүмкіндіктер алаңы » атты шара өтті, деп хабарлайды 24kz.

Соның аясында ұйымдастырылған көрмеге арнайы грант алып, жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асырған кәсіпкерлердің өнімдері қойылды. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде тиімді ұсыныстар болды. Жалпы соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында 1800 тұрғынға грант берілсе, биыл тағы 445 адам өз ісін өркендетуге мүмкіндік алмақ.

Халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту жайы әркез өзекті. Әсіресе, ауылдық жерде өз ісін ашсам дейтін, алайда келте жіпті күрмеуге келтіре алмай жүргендер көп. Бұл ретте арнайы гранттардың көмегі мол. Соңғы үш жылда мемлекет қолдауына ие болғандар мал мен құс өсіріп, бау-бақша салып, өндірістік цехтар, қызмет көрсету орындарын ашқан. Солардың бірі – Гүлсара Шапықова. Ол 1 млн 380 мың теңге грантқа қадесыйлар мен қуыршақтар жасауды жолға қойған.

Гүлсара Шапықова, Тасқала ауданының тұрғыны:

- Қолөнермен айналысуға үлкен мүмкіндік берді. Өзіме ұнайтын, қызығатын хобби болған. Соны іске айналдырып, жұмыс істеп жүрген жайым бар. Көбінесе тапсырыс қабылдаймын. Бойтұмарлар, сосын қуыршақтар мен шкатулкалар жақсы өтеді.

Биыл 445 тұрғын қайтарымсыз қаржының көмегімен өз кәсібін кеңейтпек. «Бұл шаралар еңбекке қабілетті азаматтардың әлеуетін арттырып, өңір дамуына серпін береді», — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Азаматтарымыздың жұмысқа орналасуына мемлекет тарапынан қолдау білдіру – Мемлекет басшысының басты назарында. Біз осы ретте өңір тұрғындарын жұмысқа орналастыру мен мемлекеттік бағдарламалардың игіліктерін түсіндіру мақсатында «Talpyn» мүмкіндіктер алаңы шарасын ұйымдастырып отырмыз. Іс-шара алғаш рет былтырғы жылы өтті.

«Talpyn» мүмкіндіктер алаңы» аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, кәсіпкерлер мен жастардың ашық кездесуі және шеберлік сағаттары өткізілді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов