• 16-06-2025

Қажылыққа рұқсатсыз бару неліктен қауіпті?

Бүгін Меккеде миллиондаған мұсылман бес парыздың бірін өтеп жатыр.

Исламның бес парызының бірі және Сауд Арабиясы үшін маңызды табыс көзі саналатын қажылық сәрсенбіде (4 маусымда) басталып, әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған мұсылманды Меккеге тартады. Соңғы кездері бұл шара шығындардың өсуі мен климаттың өзгеруіне байланысты түрлі тәуекелдер жағдайында өтіп жүр.

Қажылық ислам күнтізбесінің 12-ші айында басталады. Қазір оның өтетін мезгілі қыс мезгіліне беттеп бара жатқанымен, 2040-шы жылға қарай Сауд Арабиясындағы шіліңгір жазбен тұспа-тұс келмек.

Қалтасы көтере алатын еңбекке жарамды мұсылмандар үшін өмірде бір мәрте өтелуі қажет қажылық уақыт өте қолжетімді сапарға айналды. Алайда, осынау қолжетімділік сол қажылық парызды атқаратын орындарда адамдардың тым көп жиналуы тәрізді қиындықатарға жол ашып отыр.

1987 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің келісімі бойынша Меккеге келушілерге арналған квота жүйесі енгізіліп, әрбір ел рұқсат ететін санды өз халқының 0,1%-ына дейін шектеді.

Қажылар өздерінің қажылық сапарын көбінесе өз елдерінің дін министрлігі арқылы үйлестіреді, және оларға бұл орайда тіркеу, банктік шот ашу немесе квотаға байланысты лотерея жүйесіне қосылу тәрізді талаптар қойылуы мүмкін, дейді Лидс университетінің Ислам антропологиясы жөніндегі профессоры Шон Маклофлин Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Дегенмен, кейбір қажылар ресми тіркеу процедураларын сақтамайды. Мұндай тіркелмеген қажылар қажылықта жүріп, маңызды қызметтерге қол жеткізе алмай, үлкен қиындықтарға ұшырауы мүмкін.

Мәселен, 2024 жылы қатты аптап ыстықтан қаза тапқан жүздеген қажы Сауд Арабиясы үкіметінде ресми тіркелмеген. Соның нәтижесінде олардың көпшілігі кондиционері бар автобустар мен салқындататын шатырларды пайдалана алмады.

Қажылардың айтуынша, рұқсаты жоқ адамдар кейде 50 градус ыстықта жаяу жүруге мәжбүр болса, тіркелген қажылардың көпшілігі желдеткіші бар автобустарды сапардың көп бөлігінде пайданалады.

"Қажылық рәсімдері айтарлықтай физикалық күш жұмсауды қажет етеді. Сіз ұзақ қашықтыққа жаяу жүріп, Арафат сияқты жерлерде сағаттап тұрып, қалың көпшіліктің ортасынан өтуіңіз керек", — дейді Дүниежүзілік исламдық көмектің жаһандық насихат жетекшісі Шахин Ашраф.

Ашраф қажылық кезіндегі аптап ыстық жүрек, өкпе немесе бүйрек аурулары бар адамдардың құлау немесе өлу қаупін арттыратынын да ескертті.

Ол сондай-ақ атмосфераның ластануы мен климаттың өзгеруінің әсеріне тоқталып, қажылық кезінде жаппай көлік қозғалысынан тарайтын улы түтіннің ауаны зиянды ететінін де атап өтті.

"Демікпе немесе респираторлық аурулары бар адамдар талып немесе ауруын асқындырып алуы мүмкін", — дейді Ашраф.

Климаттанушылардың сөзінше, мұндай жағдайлар мен өлім-жітімдер алдағы онжылдықтарда қажылыққа баратын ондаған миллион мұсылманды не күтіп тұрғанын аңғартса керек.

Және де ол ұйымдастырушылар үшін алда тұрған қиындықтарды да атап өтті.

"Біз кейбір қажылық парызын өтегісі келетіндерге ұйымдастырушылар қажылыққа кіруге уәде беретінін білеміз. Бұл бүкіл әлемде орын алуы мүмкін жағдай, ал егер қажылар қажылыққа апарылып, бірақ қызметтерге қол жеткізе алмаса, ерекше қиындықтарға тап болуы ықтимал", — дейді Маклофлин.

Сауд Арабиясы Ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік өкілі, полковник Талал бен Шалхуб осы елдің "әл-Арабия" телеарнасына берген сұхбатында айтқандай, тіркелмеген қажылардың рұқсатының болмауы оларға қызмет көрсетуді едәуір қиындатады.

Алайда, бұндай позициямен келіспейтіндердің ойынша, Саудия билігі қажылардың барлығын мәртебесіне қарамастан ыстықтан қорғауға тиіс.

Сауд Арабиясы рұқсат етілмеген қажылық сапарларымен күресу үшін бұқаралық ақпарат құралдарында науқандар жүргізді, қауіпсіздік шараларын қабылдады. Бірақ бір адамға 5 000 доллардан 10 000 долларға дейін қымбаттаған ресми пакеттерді көптің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жағдайы келмеген кейбір мұсылмандар қажылыққа бейресми және арзанырақ жолдармен баруға әрекет жасайды.

Ресми деректерге қарағанда, коронавирус пандемиясы жаһандық туризм индустриясына соққы берер алдында, яғни, 2019 жылы Сауд Арабиясы қажылық пен умрадан жыл сайын шамамен 12 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл кірістің көбі адамдарды орналастырудан, тасымалдаудан, түрлі алымдар мен сенушілердің сатып алған сыйлықтарынан жиналыпты.

Тарихи тұрғыдан алғанда, қажылық мұнай табылғанға дейін Сауд Арабиясы экономикасында маңызды рөл атқарды. Бірақ кейіннен экономикалық тұрақсыздықтар бұл патшалықты "қара алтын" экспортына тәуелділікті азайту стратегияларын зерттеуге итермеледі.

"Саудиялықтар өз экономикасын әртараптандыру жолдарын қарастырып, 2016 жылы қабылданған Vision 2030 стратегиясы аясында қажылық пен діни туризмді сол диверсификациясының негізгі аспектісіне айналдырды", — дейді Маклофлин.

Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай экономиканы мұнайдан арылтуға бағытталған кең ауқымды стратегиясы аясында жыл сайын қажылық пен умра үшін 30 миллион қажы тартып, діни туристер санын көбейтуді жоспарлап отыр.