• 14-06-2025

Қызылордада мыңдаған бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін

Ақ жағалылырдың шешіміне қарсы шыққан көпшілік білім бөліміне келіп шу шығарды.

Қызылордада мыңдаған бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өйткені білім бөлімі бір мезетте 42 жекеменшік бөбекжайды қаржыландыруды тоқтатты. Ал мемлекет қолдауынан айырылған кей кәсіпкерлер қызметкерлерінің жалақасын төлей алмай, амалсыз балабақшаларын жауып жатыр.

Олардың айтуынша, шенеуніктер келісімшартты тоқтатарда заңды белшеден басқан. Ақ жағалылырдың шешіміне қарсы шыққан көпшілік білім бөліміне келіп шу шығарды. Балабақшаларды қайтадан қаржыландырсын деп талап қойғандар арасында ата-аналар да бар. Өйткені олар тәрбие ошақтары жаппай жабылса, өзіміз қиналамыз дейді. Ал кәсіпкерлер жауапты басқарма өкілдерінің әрекеті мүлде заңсыз деп отыр. Бөбекжай иелерінің айтуынша, тексеру барысында мониторингтік топ жекеменшік ұйымдардан кемшіліктер анықтаған. Бірақ кейін барлығын қалыпқа келтіргенімізге қарамастан, келісімшартты бір жақты тоқтатты деп күйінеді.

"Мемлекеттік тапсырыс тоқтатылды деп берді. Бірақ бұл мемлекеттік актіде басқа сөздер, ал қорытындыда басқа сөздер жазылған. Әкелген мәліметтерді ат үсті қараған. Заңсыз екені көрініп тұр. Заңға қайшы жұмыс жасап отыр", – деді жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы Мақпал Байменова.

Бөбекжай қызметкерлері шенеуніктерді кішкентай ұл-қыздардың тәрбиесі емес, қаржыны үнемдеу жағы көп алаңдатады деп отыр. Оның үстіне қалада бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі әлі толық шешілмеген екен. Демек, енді 42 бөбекжай жабылса, жағдайдың одан сайын күрделенетіні анық дейді.

"Қол жуғыштарды скочтап тастаған. Суы ақпайды. Жылы су түгілі, мұздай су да ақпайды. Сынық унитаздар. Бала көптігінен матрасты жерге тастап, жерге жатқызып қойған бала. Осы кемшіліктеріне байланысты мемлекеттік тапсырысты тоқтату жөнінде комиссия шешімімен қорытынды қабылданды", – деді Қызылорда қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағдат Ердәулетова.

Шенеуніктер бөбекжайсыз қалатын бүлдіршіндер мен ондағы қызметкерлердің мәселесі қалай шешілетінін өздері де білмейді. Ал мемлекеттік тапсырыстың заңсыз тоқтатылғанына сенімді кәсіпкерлер енді сотқа жүгінбек.