• 16-06-2025

Әскерилер арасында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған байқау өтті

Тараз қаласындағы №5513 әскери бөлімінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты байқаудың екінші кезеңі өтті. Іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, көпұлтты әскери ортада қазақ тіліне деген құрметті нығайту және тіл мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Байқауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден өзге ұлт өкілдері қатысып, қазақ тілін меңгерудегі білімдерін, сөйлеу шеберліктерін және шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Қатысушылар мәнерлеп оқу, эссе жазу және тілдік тапсырмаларды орындау арқылы тілге деген құрметін көрсетті.

Бұл байқау тілді ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын алаң екенін көрсетті. Сонымен, I орын 5571 әскери бөлімінің кіші сержанты Роллан Бондаренкоға, II орын 3650 бөлімнен ефрейтор Пархат Сеитке, III орын 5514 бөлімінің жауынгері Мирас Бехтольд пен 5574 бөлімнің аға сержанты Эркинбой Шамуратовқа бұйырды. Ал арнайы сыйлықты 5547 бөлімінің сержанты Сергей Образцов алды.

Жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл байқау қатысушылар ғана емес, көрермендерге де үлкен рухани серпіліс сыйлады. Мемлекеттік тілдің елдік тұтастық пен патриотизмнің негізі екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Іс-шара Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен өтті. Бұл өңірде тіл саясатының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Аталған бастаманың жалғасы ретінде 5 маусым күні әскери бөлімдердегі тіл мамандары арасында «Үздік маман» байқауы өтпек. Бұл іс-шара мемлекеттік тілді кәсіби салада қолдану аясын кеңейтуге, әдістемелік шеберлікті шыңдауға бағытталған.