• 14-06-2025

Ақтөбеде «Келешек мектептері» жобасы аясында 12 жаңа мектеп салынады

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының орындалу барысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жиынға сала мамандары мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – заманауи, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру, үш ауысымды оқытуды жою және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту.

«Samruk Kazyna Construction» АҚ аймақтық директоры Азамат Агелеуовтің айтуынша, биыл өңірде 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жаңа мектептердің құрылысы Алтын Орда мен Есет батыр шағын аудандарында, сондай-ақ «Саяжай-1», «Баурластар-3», «Жаңақоныс-2» тұрғын алаптарында және облыстың бірқатар аудандарында қарқынды жүріп жатыр.

Жиын барысында облыс әкімі білім беру нысандарына инженерлік инфрақұрылым тарту мәселесіне ерекше тоқталды. Қазіргі таңда 7 мектепке барлық желілер толық тартылған, 4 нысанда жұмыстар жалғасуда, 1 мектепке қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Асхат Шахаров мердігерлер мен жауапты қызметтерге құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, мектептерге кіреберіс жолдар салу, оқу орындарының жанынан автотұрақтар ұйымдастыру және жауын-шашыннан кейін жиналатын суды ағызу жүйелерін орнату қажеттігін ескертті.

«Келешек мектептері» жобасын жүзеге асыру – өңірдегі білім беруді дамытудың басым бағыты болып қала береді. Балалардың сапалы әрі жайлы жағдайда білім алуы – олардың жарқын болашағының кепілі, – деді өңір басшысы.

Жоба аясындағы жұмыстар облыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және оқушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.