• 14-06-2025

Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда әуехабтар дамып жатыр.

Шымкенттің әуежайын толыққанды мультимодальды хабқа айналдыруға дайындық жүріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Жақын арада Бюджет кодексіне, классификаторға өзгерістер енгізіліп, бағдарлама ашылғаннан кейін жобаны мемлекеттік сатып алулар арқылы іске асырылмақ.

Іске асыру мерзімі 2025-2026 жылдар деп жоспарланған. Оңтүстік өңірлерде қыс айларында ауа райы жиі құбылады.

Жауын-шашын мен тұманның кері әсері тимес үшін жаңа ұшу-қону жолағы заманауи навигациялық және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталады.

Бұл кез келген ауа райында ұшақтардың қауіпсіз және тұрақты ұшып, қонуына мүмкіндік бермек.

Шымкент қаласы әуежайының өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 миллион жолаушыға дейін ұлғайтылды.

Халықаралық бағыттар бойынша Шымкенттен Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Сеул, Каир, Үрімшіге әуе қатынастары болады.

Шымкенттің бас жоспарына сәйкес әуежайдың жанынан жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталады.

Осылайша, әуе, көлік және жүк тасымалы бір жерге шоғырланады. Ал инвесторлар үшін бизнесті өркендетуге қолайлы жағдай туады. Қазірдің өзінде ірі компаниялар қызығушылық танытып отыр.

Екінші ұшу-қону жолағының құрылысы 2 жылға жоспарланған. Бұл Шымкенттің көлік инфрақұрылымын кеңейтіп, қаланы еліміздің оңтүстігіндегі ірі көліктік хаб мәртебесіне көтереді.

Мамандардың пікірінше, мультимодальды орталық жолаушылар мен логистикалық компаниялар үшін тиімді. Өңірдің экономикасына да тың серпін береді.