Тау-кен құтқарушылары – батылдықтың әрі біліктіліктің үлгісі
Тауда оқыс оқиға болса, олар сол жерге бірінші болып жетеді. Кар көшіп, сел жүрсе немесе табиғат кенет тосын мінез ...
Салдарынан 6 бала жарақат алып, 1 бала қаза тапқан.
Жыл басынан бері Қазақстанда 60 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған. Олардың көбі 2-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Салдарынан 5 бала бақилық болса, 55-і ауыр халде ауруханаға жатқызылыпты. Өкінішке қарай Жамбыл облысындағы жағдай да мәз емес. Облыс аумағында бүгінге дейін тіркелген 7 терезеден құлау оқиғасында екі жастан он жеті жасқа дейінгі 6 бала жарақат алып, 1 бала қаза тапқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балалардың терезеден құлау оқиғасының үшеуі Тараз қаласында, тағы үшеуі Жаңатас қаласында орын алса, бір оқиға Жамбыл ауданында тіркелген. Айта кетсек, жылдың алғашқы оқыс оқиғасы қаңтар айының басында Тараз қаласындағы "Ұлы дала" ықшамауданында орын алған.
Ал наурызда Жамбыл ауданының Бектөбе ауылында 4 жастағы бүлдіршін терезенің москит торымен бірге үйдің екінші қабатынан құлап кетсе, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында 7 жастағы бала да екінші қабаттағы терезеден абайсызда құлаған. Өкінішке қарай, бұдан кейін Жаңатаста тағы осындай екі оқыс оқиғаға жол берілген. 11 сәуірде 4 жастағы балақайдың, ал келесі айда 6-ықшамауданда орналасқан үйдің екінші қабатынан бір баланың құлап кеткені тіркеліп отыр.
Өткен айдың басында Тараз қаласының "Қарасу" ықшамауданында үлкендердің жауапсыздығынан орын алған оқиға қайғылы аяқталды. Үйдің үшінші қабатынан құлап кеткен 1 жастағы бүлдіршін қаза болды. Таяуда ғана Тараз қаласында 2021 жылы туған бала 5-қабаттың терезесінен құлап кетіп, ажал құша жаздаған. Бұл кезде бала үйде ата-анасының қарауынсыз қалған көрінеді. Жалпы бір мамыр айының өзінде өңірімізде осындай 3 оқыс оқиғаның тіркелуі әлі де балалардың терезеден құлау оқиғасының азаймай отырғанын көрсетті.
"Бұл жағдайда ең үлкен қауіп – осы кезеңде заманауи терезелерге орнатылған москит торлары бар ашық терезелер болып табылады. Осыған орай, департамент қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс есіктеріне ақпараттық жадынамалар ілуде және әлеуметтік желілерде ақпараттық сипаттағы материалдар жариялап, "Дәрмен" мобильді қосымшасында ата-аналарға арналған ұсынымдар орналастырды. Биыл балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу мақсатында, жергілікті атқарушы органдарға жоғарғы қабаттарда тұратын халықтың әлеуметтік осал топтарының (көпбалалы отбасылардың) терезелеріне бұғаттау құрылғысын орнату қажеттігі туралы ұсыныс хаттар да жолдадық. Осындай жұмыстарға қарамастан, қайғылы жағдайларды айналып өте алмай отырмыз. Бұл жерде ата-аналардың жауапкершілігі үлкен рөл атқаратынын ұмытпау керек", — дейді Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышевтің айтуынша, жазғы кезеңнің басталуына орай полиция қызметкерлері балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шараларын белсенді жүргізуде. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам аула араланып, оның барысында шатырлар мен жертөлелер тексерілген.