• 14-06-2025

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының аурушаңдығы төмендеді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар айқындалды.

2025 жылдың 5 айдағы қорытынды бойынша бұл көрсеткіш 68,1%-ды құрап отыр.

Бұл негізінен бруцеллёз, құтырма, эмкар және сібір жарасы жағдайларының азаюымен байланысты, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Ветеринариялық қызметтің жұмысы тек жануарлардың саулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне ғана емес, сондай-ақ еліміздің азық-түлік тәуелсіздігі мен қазақстандық өнімнің экспорттық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан ветеринариялық қызметті жаңғырту жұмысын күшейтіп, барлық деңгейде бақылауды қатаңдату қажет, – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жүйелі профилактикалық жұмыстар мен ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту шараларының арқасында соңғы үш жылда жануарлар аурушаңдығы 49,1%-ға төмендеген.

Мемлекеттік алдын алу және диагностикалық бағдарлама аясында 2025 жылы ауыл шаруашылығы жануарларының 22 жұқпалы ауруына қарсы вакциналар сатып алынады. Отандық вакциналардың үлесі 74,4%.

Сонымен қатар, диагностикалық құрал-жабдықтарға сыртқы тәуелділікті азайту шаралары қабылданып жатыр: қажет 32 құралдың 14-і Қазақстанда өндіріледі, тағы 12-сі тіркеу сатысында.

Сібір жарасынан қырылған жануарларды көму орындарының санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Тіркелген 2560 нысанның ішінен 2211-і санитариялық талаптарға сай келтірілді, қалған 118 нысан бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

2024 жылы 113 ветеринариялық пункт салынды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 353 пункт, 82 скотомогильник пен 28 сою пунктін іске қосу жоспарланып отыр.

Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде Қазақстан бірқатар аса қауіпті аурулар – шошқаның классикалық және африкалық обасы, құстың жоғары патогенді тұмауы бойынша эпизоотиялық тұрақтылықты қалпына келтірді. Бұл Қытай мен Ресей тарапынан уақытша экспорттық шектеулерді алып тастауға мүмкіндік берді.

Жануарлар өнімінің экспорттық әлеуеті артып келеді: Қытай, ЕО, Грузия және Иранмен жаңа ветеринариялық келісімдер жасалды. Түркия, Ауғанстан, Пәкістан және басқа елдермен талаптарды келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2024 жылы зертханалық базаны күшейту мақсатында жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге 9 жоғары тиімді сұйықтық хроматографы сатып алынды. Қосымша 7,2 млрд теңге зертханаларды одан әрі жарақтандыруға бағытталады.

Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында Қытайға экспортқа бағытталған азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы құрылып жатыр.

Ветеринария саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. VET-MOBILE жүйесі, Vetlab модульдері, РПО, еттің ветеринариялық-санитариялық сараптамасы, процессинг орталығы және экспортталатын жануарларды автоматты бақылау жүйесі енгізілді. Бұл фермадан дүкен сөресіне дейінгі өнімнің толық ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, "TortTulik" мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Қосымшада жануарды тіркеу, сатып алу-сату, жеке тұтынуға сою, мемлекеттік қызметтер және басқа 7 негізгі модуль қарастырылған. Қазіргі таңда оны 178 906 пайдаланушы қолданып отыр.

Министрлік ветеринариялық мамандардың еңбекақысын арттыру, зертханалық зерттеулерді ақылы ету, заң бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту және цифрлық бақылау жүйесін дамыту бойынша заңнамалық бастамалар әзірледі.

Кеңес қорытындысы бойынша Айдарбек Сапаров өңірлердегі эпизоотиялық ахуалды бақылауды күшейтуді, жергілікті жерлерде профилактикалық жұмыстарды жандандыруды және барлық жоспарланған іс-шараның уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.