• 16-06-2025

Көрші елде бір-біріне қарама-қайшы үрдістер өрбуде

Ұлттық статистика бюросы демографиялық статистика аясында еліміздегі халықтың көші-қонының 10 жылдық есебін ұсынды.

Одан республикамыздың тағы бір салада жетістікке жеткені байқалады.

Атап айтқанда, бұрынғы жылдары сарапшылар мен ақпарат құралдары "елімізден экономикалық белсенді халық, білікті кадрлар жаппай кетіп жатыр" деп үнемі дабыл қағатын. Бұл теріс құбылыс біраз түзеліпті. Сонымен:

  • 2015 жылы Қазақстанға 16 581 адам ғана көшіп келген, 30 047 қазақстандық шетелге көшіп кетті. Келушілер мен кетушілер арасындағы теріс айырма 13 466 адам.
  • 2016 жылы 13 755 адам келді, 34 900 кетті, жатжұрттарға қоныс аударғандар саны жаңадан қазақстандық атанғандардан 21 145 адамға көп.
  • 2017 жылы 15 595 адам келді, 37 725 адам кетті, миграция сальдосы – -22 130 адам.
  • 2018 жылы 12 747 келді, 41 868 кетті, миграция сальдосы – -29 121 адам.
  • 2019 жылы 12 255 келді, 45 225 кетті, миграция сальдосы – -32 970 адам.
  • 2020 жылы 11 370 келді, 29 088 кетті, миграция сальдосы – -17 718 адам.
  • 2021 жылы 11 039 келді, 32 256 кетті, миграция сальдосы – -21 217 адам.
  • 2022 жылы 17 425 келді, 24 147 кетті, миграция сальдосы – -6 722 адам.
  • 2023 жылы 25 387 келді, 16 094 кетті, миграция сальдосы – +9 293 адам.
  • 2024 жылы 29 282 көшіп келді, 12 732 адам қазақстандық паспорттан бас тартты. Миграция сальдосы – +16 550 адам.

Ұлттық статбюроның дерегінше, 2015 жылы Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың басым көпшілігі немесе 30 047 экс-отандастың 25 682-сі Ресей азаматтығына кірді. 2-орында Германия тұрды, 2 196 – экс-қазақстандық.

Одан кейін Қазақстаннан кеткендердің ең көп таңдаған елдеріне Беларусь (605), Өзбекстан (364), АҚШ (265) орналасқан еді.

Арада он жыл өткенде, 2024 жылы азаматтығын берген елдер санаты шамалы өзгерді. Бұрынғы қазақстандықтардың 11 737-сі – ресейлік, 2 283-і – германиялық, 452-сі – америкалық, тағы 334-і – польшалық, 232-сі – қырғызстандық атанды.

Ұлттық статбюроның мәліметінше, мысалы, халық елден үдере ауған тоқсаныншы жылдарды айтпағанның өзінде, 2000 жылы Қазақстан азаматтығын 155 749 адам тәрк етіпті.

Оның 108 724-і – Ресейді, 35 938-і – Германияны, 3 265-і – Беларусьті, 2 172-і – Украинаны "жаңа отаным" деп таныды. Дұрысында, өткен ғасырлардағы патшалық және кеңестік отаршылық саясаты аясында қоныс аударылғандар енді тарихи атажұртында оралды.

Ал, ХХІ ғасыр басынан бері елден қоныс аударушылар саны қарқынды түрде азайды. 2001 жылы – 141 710, 2002 жылы – 120 223, 2003 жылы – 73 890 адам Қазақстан азаматтығынан шықты.

Қазақстан азаматы атанғысы келетіндер саны да ғасыр басында көп болды. 2000 жылы – 47 442, 2001 жылы – 53 548, 2002 жылы – 58 211, 2003 жылы – 65 584, 2004 жылы – 68 319, 2005 жылы – 74 807, 2006 жылы – 66 731, 2007 жылы – 53 397 шетелдік республикамыздың көгілдір паспортына ие болды. Содан кейін олардың қатары сұйылды, әлі күнге 50 мыңдық межеге жете алар емес.

Бір қызығы, қазіргі кезде қазақстандық атанғысы келетіндер арасында Ресей және Өзбекстан азаматы көп. Өткен бір жыл ішінде 11 711 экс-ресейлік пен 6 519 экс-өзбекстандық Қазақстанның төлқұжатын алды.

Одан кейін Түрікменстан (1 166), Қырғызстан (1 022), Қытай (987) және Моңғолия (657) орналасқан. Қалған елдердің ҚР азаматтығын таңдаған тұрғындарының саны 400-ге де жетпейді.

Дәл осы кезде көрші Ресей төл тарихында өз азаматтығын алушылардың антирекордын тіркеп отыр.

2024 жыл қорытындысында Ресей азаматтығын 209 мың адам алыпты. Бұл 2023 жыл көрсеткішінен 45%-дайға кем.

"РФ паспортын иеленгісі келетін шетелдіктердің саны барған сайын құлдырауда. 2024 жылы небәрі 209 мың шетелдік қана РФ азаматы болуды қалаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 44,8% төмен. Мұны РФ Ішкі істер министрлігінің жыл сайынғы миграциялық статистикасынан байқауға болады", – деп жазды "Коммерсантъ".

РФ ІІМ дерегінше, осыдан 20 жылдай бұрын, 2005 жылы РФ азаматтығына кіргендер саны 504 518 адам болыпты. Содан бері кеміп келеді.

Көршінің ақпарат құралдарының хабарлауынша, ресейлік болғысы келетіндердің қатары 2022 жылдан бері серпінді түрде азайып барады. 2020 жылы бұл көрсеткіш – 656 мыңды, 2021 жылы – 735 мыңды құраған.

Алайда ресейлік басылым 2022 жылы бұл сан – 691 мың, 2023 жылы – 378 мың адамға дейін күрт құлдырағанын хабарлады. 500 мыңдық меже қайтадан тым артта қалды.

Сонымен қатар, өткен 2024 жылы 1 757 адам РФ азаматтығынан айрылды. Басқа жылдардың деректері ресми статистикада келтірілмеді.

DW мысалы, өзге елдің азаматтығын қоса алғандар, сондай-ақ әскери есепке тұрудан бас тартқандар үшін Ресейде азаматтықтан айыру жазасы бекітілгенін еске салды.

"Коммерсантъ" былтырғы жыл қорытындысында тағы бір антирекорд орнағанын жазды. 2024 жылы Ресейде заңсыз тұрып жатқан 190,2 мың адам депортацияланып, елден аласталған. Бұл 2023 жылғыдан бірден 31,1%-ға көп.

РФ ІІМ Ресейде тұруын заңдастыратын құжаттарды шетелдіктерге мейлінше сирек бере бастады. 2024 жылы уақытша тұруға рұқсатты 44,5 мың адам ғана рәсімдей алған. Бұл алдыңғы жылғыдан 50,4%-а кем.

Ал, тұру ықтиярхатын (ВНЖ) ала алғандар саны тек 214,9 мың болды немесе 2023 жылға қарағанда 21,3%-ға аз.

Бұдан бөлек, Ресейге ерікті қоныс аудару бағдарламасын 2024 жылы 31,7 мың адам пайдаланыпты. Бұл соңғы 14 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.