Трамп қызметкерінің көңіл күйін бір көтеріп қойды
Қазіргі уақытта бірнеше штатта Tesla Takedown наразылықтары өтіп жатқаны көпшілікке белгілі. АҚШ президенті Т ...
Оған әртүрлі әйелдері тауып берген балаларының саны 14-ке жетті.
Әлемнің №1 миллиардері, АҚШ-тың №1 экс-реформаторы Илон Масктың үлкен шаңырағы 2025 жылы бірден екі баламен толықты.
Бірақ америкалық журналдар мұның тек елге жария болған мәлімет екенін еске салады: "Марсқа көшуді аңсаған Масктің" нешінші рет әке атанғанын ең азулы инсайдерлер де дөп басып айта алмайды.
Миллиардер тиісті сұрақтарға қылжақтап жауап қатады. Мысалы, Маск балаларының санын нақтыламақ болған журналистердің сауалына тура жауаптан жалтарып: "Америкадағы бала туу көрсеткішінің төмендеуімен күреске сүбелі үлес қосып жатқанын" айтып әзілдеді.
"Inc" журналының дерегінше, ресми түрде Илон Маск үш рет отау құрды. Бұл ретте бір әйелге екі рет, яғни, қайталай үйленген.
Бизнесменнің баласының бәрі бірдей ресми некеде болған әйелінен емес. Бірақ Илон өзге балаларының да "некесіз туылмағанын" айтып, әлденені меңзейді. Соған қарағанда, қазақша айтқанда, "тоқалдары" бар сияқты.
Джастин Уилсон
Илон Масктың бірінші ресми некедегі әйелі канадалық жазушы Джастин Уилсон болды. Онымен Куинс университетінде бірге оқып жүргенде танысады. Жас жұбайлар 8 жыл – 2000 жылдан 2008 жылға дейін бірге болды. Бұл некеде 6 бала дүниеге келді.
Шетелдік ақпарат құралдары Масктың тұңғышы қыршыннан қиылғанын мәлім етті: Александр Невада Маск бұ дүниеде 10 апта ғана өмір сүрген және "балалардың кенеттен өлу синдромынан" (Sudden Infant Death Syndrome, SIDS) жан тапсырды.
Джастин Уилсон күйеуімен ажырасқан соң "үйде өзін оның зайыбы ретінде сезінбегенін" әңгімеледі. Маск оған қызметкері сияқты қарапты. Ерлі-зайыптылардың қош айтысуының тағы бір себебі ретінде "олардың арасындағы табыс табудағы үлкен қаржылық дисбаланс" аталды.
Талула Райли
Бизнесмен ұзақ зеріккен жоқ, бірінші әйелімен айрылыса сала, бірден британдық актриса Талула Райлимен көңіл қосты. Жаңа жұбының өзіне деген сезімін 2 жыл бойы сынаған. Ақыры 2010 жылы Илон жаңа нақсүйерімен некесін қиюға ұйғарды.
Алайда 2012 жылы олар ажырасып кетті. Бір-бірінен тым алыстамады, арагідік кездесіп жүріп, бір жылдан соң Маск пен Райли қайта үйленді.
"Сері" жігіт сыртқа жалтақтап, өзге қыз-қырқынға қырындауын жалғастырады, отбасын ұйытып ұстап тұра алмады. Бұл ертегі де "хэппи-ендпен" аяқталмады. Жұбайлар ажырасу туралы жаңа өтініш тапсырды және 2016 жылы қатынастарына түбегейлі нүкте қойды.
Екі рет әйелі атанғанымен Талула Райли Маскқа бірде бір сәби сыйлаған жоқ. Есесіне, миллиардердің бизнесін дамытып, жаңа белеске шығаруында маңызды рөл атқарды.
Мысалы, 2022 жылы журналистер Талуланың Маскпен алмасқан электронды хаттарын қолға түсірді. Онда әйелі бизнесменге қандай активтерді сатып алу жөнінде кеңес береді. Мысалы, зайыбы миллиардерді қоярда-қоймай үгіттеп, сол 2022 жылы Twitter әлеуметтік желісін сатып алуға көндірген.
Осының арқасында Маск демократтар тұсында әлеуметтік желі атаулыдан шеттетілген Трамптың оң қолына, сенімді адамына айналды. Былтыр, 2024 жылы Райли өз сұхбатында бұрынғы күйеуін әлі күнге сүйетінін және сол кезді сағынатынын жеткізді.
Актриса Эмбер Херд
Голливудтың жанжалқор актрисасы Эмбер Херд 2015 жылы Илон Маскпен бірнеше ай "азаматтық некеде" болып, бірге тұрған екен. Әйтсе де, актрисаның өзі түрлі сұхбаттарында миллиардердің өзіне сонау 2012 жылдан бері қолқа салып, бірге тұрудың мүмкіндігін іздеумен болғанын айтып жүр.
Американы кезген қауесеттерге сәйкес, қос ғашық ұзақ уақыт кездесіп, бірге түнеп жүрген. Ол кезде Эмбер актёр Джонни Деппен ресми некеде тұрған еді. Кейін Эмбер Херд жұртшылық алдында Джонни Деппті "отбасылық зорлық-зомбылық көрсетті" деп негізсіз айыптады. Соның кесірінен, белгілі актёр бірнеше рөлінен айрылып қалды, Голливуд режиссёрлері оны киноға түсуге шақыруды қойды.
Депп өзін ақтап алу үшін сотқа жүгінуге мәжбүрленді. Сот талқылауы барысында бұл отбасыдағы "абьюзер", зорлықшы және ойраншыл – Эмбердің өзі екені әшкереленді. Сот процесі Хердтің Деппке жала жапқанын мойындаумен аяқталды. Жаман аты елге тараған актрисадан Маск та теріс айналды.
Әнші Граймс
Америкалық ақпарат құралдарының жазуынша, "Граймс" бүркеншік атымен белгілі канадалық әнші Клэр Буше де Масктың "тоқалы" саналады. Олар алғаш рет 2018 жылдан бері кездесе бастаған. Олардың байланысы ұзақтығы әртүрлі болған үзілістермен жалғасты.
Кейбір ақпарат бойынша ұзақ қатынастары 2021 және 2023 жылдарға тұспа-тұс келетін көрінеді. Әнші Граймс Маскқа үш бала туып берді. Оның кенжесі 2023 жылы өмір есігін ашты.
Клэр Буше Лос-Анджелесте тұрады, жұмыс істейді. Маск сұхбаттарында бұл қалаға жиі бара алмайтынына қапаланды, өйткені жұмыс кестесі өте тығыз.
Граймс балаларға бола Маскпен жиі жанжалдасатынын жазды. Мысалы, 2025 жылғы ақпанда ол әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, миллиардерден тұңғыш ұлының денсаулығына қатысты проблемасына назар аударуды сұрады.
Шивон Зилис
Әлемнің №1 миллиардерін жұртшылық жаңа жұбымен – оның компанияларының бірінің топ-менеджері Шивон Зилиспен жиі ұшырастырады. Шивон Маскқа 4 бала тауып берді.
"Форбс" Шивон Зилистің бұған дейін Tesla-да жұмыс істегенін айтады. Қазіргі кезде ол миллиардердің басқа компаниясының – Neuralink-тің арнайы жобалар бойынша директоры лауазымын атқарады.
Жорамал бойынша бикеш бизнесменмен OpenAI компаниясында істеп жүргенде танысқан. Содан Маск ол кеңсеге барғыштап кеткен екен.
Осыны біліп қойған журналистер мән-жайын сұрағанда, Илон Маск Шивонмен ешқандай жеке байланысы жоқтығына сендіріп бақты. Алайда кейін сот құжаттары айғақтағандай, ғашықтар 2022 жылы біраз уақыт Зилистің Техастағы үйінде бірге тұрған.
Forbes ресми түрде Илон Масктың 14 баласының бары жария болғанын, шынында нақты саны белгісіз екенін мәлімдеді.
Сонымен, Джастин Уилсонмен арадағы некесінен 6 перзенті туған. Тұңғышы Александр небары он апта өмір сүрді. Содан соң ерлі-зайыптылар экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭҚҰ) процедурасына жүгінді. 2004 жылы Джастин егіздерді – Гриффин мен Вивианды, 2006 жылы бірден үшемді – Дамиан, Саксон мен Кайды сыйлады.
Әнші Граймс болса, Маскқа 2020, 2021 және 2023 жылдары 3 бала туып берді. Оның ішінде тұңғышының есімі бүкіл әлемге тарады: Илон Маск оған ешкімде жоқ ерекше "X Æ A-12" деген ат қойды. Ақпарат құралдары оны Lil X деп атауға әдеттенді. Биографтардың айтуынша, шынында бұл баланың есімін "Экс Эш Эй Туелв" деп оқыған дұрыс (мұның нені білдіретінін ғаламтордан табуға болады).
Миллиардер дәл осы X Æ A-12 ұлын Ақ үйге өзімен бірге ертіп барды. Дональд Трамп АҚШ Президенті болып сайланғалы, ресми салтанаттарға да сонымен бірге барып жүрді. Енді Маск Ақ үйден қуылған соң, Lil X-ке де ол есік жабылса керек.
Бизнесмен мен әншінің ортақ қызы Экза Дарк Сайдириэль суррогат анадан туылған. Оны есімі де символдардан құрылды: Экза – суперкомпьютермен жұмыста пайдаланылатын экзафлопс өлшем бірлігін білдіреді. Дарк – қараңғылық және "белгісіз қара материямен" үндеседі. Ал, Сайдириэль дегені эльфтерге (Sideræl) қатысты.
Граймс пен Масктың үшінші баласы, ұлы – Тау Техно Механикус та "жатыранадан" туылған. Неге бұл аттың таңдалғанын ата-анасы жұртшылыққа сол бойы түсіндірмеді.
Масктың қызметкері Шивон Зилис одан 4 бала туды. Егіздер Страйдер мен Азур 2021 жылы дүниеге келді. Зилис ЭКҰ көмегімен жүкті болған. Былтырғы 2024 жылы Зилис пен Маскта үшінші бірлескен бала – Аркадия атты қыз туылды.
2025 жылдың ақпанында Илон Масктың 13-ші баласының бар екені туралы ақпарат тарады. Саяси белсенді әйел Эшли Сент-Клер миллиардермен бірге тұратынын және махаббатының жалғасы ретінде 5 айлық ұлы барын жария етті.
Илон Маск бұл жайтты ресми мойындағысы келмепті. Сондықтан Сент-Клер сотқа жүгініп, бизнесменнен ДНҚ-тест жасауды талап етуді сұрады. Сондай-ақ ол сөзінің дәлелі ретінде Илон Масктың оның сәбиімен түскен суреттерін және жеке хат жазысуларын журналистерге табыстады.
2025 жылғы 28 ақпанда Илон Маскқа өз қызметкері Шивон Зилис тағы бір бөбек туып бергені белгілі болды. Бұл – миллиардердің 14-ші баласы. Бұл туралы деректі Зилис ханымның өзі Х әлеужелісіндегі аккаунтында жариялады. Балаға Селдон Ликург деген есім берілген.
Ақпарат құралдары мен сарапшылар бір мезгілде бірнеше әйелімен қатар тұратын және олардың қатарын көбейткен Илон Масктың алда талай әке болатынына сенімді.
Әйелдерінің біріне жазған хатында Маск одан "балалар легионын" тууды өтінген екен. Forbes миллиардердің өз балаларын "легион" деп атайтынына және артында "интеллекті жоғары деңгейдегі ұрпақты мейлінше көп қалдырғысы келетінін" мәлімдегеніне нұсқады.
"Егер біз көп бала тумасақ, ұрпақ санын көбейте бермесек, өркениетіміз күйрейді! Менің осы сөзімді жаттап алыңыздар!", – деп мәлімдеме жасады миллиардер The Wall Street Journal ұйымдастырған салтанатта.