• 13-03-2025

Қызылорда облысында түйе шаруашылығын түлеткен ару

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Сыр өңірінде сан салада табысты еңбек етіп, жетістікке жеткен әйелдер жетерлік. Сондай жанның бірі — Айжамал Нақыпова. Қармақшы ауылында түйе шаруашылығын түлетіп, өркешті жануардың санын көбейтіп келеді. Отбасының қамын, түліктің бабын тапқан нәзік жан туралы тілші бейнематериалында.

Айжамал малшы отбасында өсіп, 12 жасынан түйе сауған. Бүгінде малдың бабын әбден меңгеріп, қорасында 70-тен аса өркешті жануар ұстап отыр. Ол күніне төрт мезгіл сауын сауады. Ең қызығы әр түйені атымен атап, әр қайыссын баласындай еркелетеді.

Айжамал Нақыпова, сауыншы:

Еркелетпесең сүт бермейді. Көңіл-күйде келу керек. Ұрыспау керек. Айқай-шуды жақтырмайды. Өте жылы сөздерді жақсы көреді түйелерім. Әрқайсысының өзінің мінез-қылығы бар. Әрқайсысы өзі бір ерекше маған.

Биылғы қыс шаруалар үшін жайлы болды. Көктем келісімен түліктің басы төлдеп, мал басы көбейіп жатыр. Әр туған ботаны Айжамал өзі күтіп, баптайды. Бұрын түйе бағудың бейнетін жолдасымен бірге көрсе, қазір балалары қолғабыс етіп жүр. Бүгінде еті мен сүтін сатып, отбасылық кәсібін дөңгелетіп отыр.

Айжамал Нақыпова, сауыншы:

Қазір міне жолдасымыз екеуміздің малмен айланысқанымызға 30 жыл болды. Отыз жылда қаншама түйенің, сыйырдың бейнеті мен рахатын көріп келе жатырмыз. Мен өзім түйе бағып, мал бағып мал сауғаныма ешқандайда өкінбеймін қуанамын.

Шаңырағының шамын жағып, отбасының қамын бағып жүрген нәзік жан биыл облыстың іскер әйелдер байқауында номинант атанып, еселі еңбегі еленді. Ал Айжамал келешекте кәсібін кеңейтіп, түйе сүтін терең өңдейтін шағын цех ашуды мақсат етіп отыр.