• 01-08-2025

Павлодарда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды

Павлодарда АҚШ-тағы жарнама қосымшалары ретінде көрсетілген TAKORP қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

TAKORP қаржы пирамидасы инновациялық жарнама технологияларына бағытталған АҚШ платформасы ретінде таныстырылған. Жобаның қатысушыларына OKX криптобиржасы арқылы криптовалюта сатып алу арқылы тіркелу ұсынылған. Негізгі шарттардың бірі — кемінде 5 жаңа салымшы тарту. Бұл талап орындалған жағдайда "бақ дөңгелегіне" қатысуға және бағалы сыйлық ұтып алуға мүмкіндік берілген. 80-нен аса азамат уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін инвестиция салған, кейбірі деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонус аламыз деп үміттенген.

"Қылмыстық жолмен алынған табыс 59 млн теңгеден асты. Пирамиданы насихаттау мақсатында Zoom платформасы арқылы бейнеконференциялар форматында жарнама жүргізілген. Бұл кездесулердің негізгі мақсаты салымшылардың материалдық жағдайын жақсарту деп көрсетілгенімен, шын мәнінде жаңа қатысушыларды тарту болған", — деп жазылған хабарламада.

ҚМА мәліметінше, салымшылардың қаражатына күдіктілер Павлодар қаласынан пәтер сатып алып, төрт банк депозитін ашқан. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

Сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды 1 жыл 6 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!