Қазақ баласы шетелдік команданы капитан ретінде алаңға бастап шықты
Нұралы Әліп – "Зенит" тарихындағы капитан атанған тұңғыш қазақстандық футболшы. Ресей кубогының алғашқы матч ...
25 жастағы Нұралы Әліп "Зенит" сапындағы бесінші маусымын бастады.
Ресей Кубогының топтық кезеңіндегі алғашқы турда Грозныйдың "Ахматы" өз алаңында Санкт-Петербургтің "Зенитінен" 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл кездесу Қазақстан ұлттық құрамасының қос ойыншысы үшін де маңызды болды. "Ахмат" сапынан шабуылшы Максим Самородов, ал "Зенит" сапынан қорғаушы Нұралы Әліп негізгі құрамда алаңға шығып, матчты толықтай, яғни 90 минут алаңда өткізді.
Әсіресе Нұралы үшін бұл ойын ерекше есте қалмақ. Ол алғаш рет "Зенит" сапында капитандық міндетті атқарып, команданы алаңға бастап шықты. Бұл бапкерлер құрамының қазақ футболшысына артқан сенімінің, оның кәсіби деңгейі мен көшбасшылық қасиетінің айқын дәлелі.
"Ахматқа" қарсы ойын Нұралы Әліптің жаңа маусымдағы алғашқы кездесуі болды. Жалпы алғанда, ол "Зенит" құрамында 92 матч өткізді.
— Ең бастысы жеңіске жеттік, шүкір. Бізге алаңнан және экран алдынан қолдау білдірген барлық жанкүйерлерге алғыс айтамын. Капитандықтағы алғашқы ойыным жеңіспен аяқталды. Бұл мен үшін маңызды сәт болды. Біз бәріміз Грозныйда әрқашан қиын матчтар өтетінін білеміз. Мейлі ол чемпионатта болсын, мейлі Кубокта болсын. Бүгінгі кездесу соның дәлелі.
Маған сенім артқан барша жанға, сондай-ақ матч алдында капитан ретінде қолдаған командадағы әріптестеріме алғыс білдіремін. Бұл ең алдымен үлкен жауапкершілік. Бапкерлер құрамына да бүгінгі матчта сенім артқаны үшін рақмет айтамын, — деді Нұралы.
Алдағы турда "Зенит" Мәскеудің ЦСКА командасымен кездессе, "Ахмат" Махачкаладағы "Динамоға" қонаққа барады.
Нұралы Әліп – "Зенит" тарихындағы капитан атанған тұңғыш қазақстандық футболшы. Ресей кубогының алғашқы матч ...