• 21-11-2025

Ақтөбелік тұрғынның видеосы Snoop Dogg парақшасында жарияланып, шетелдіктердің назарын аударды

Ақтөбелік Махамбет Ермеков қаз қуған ұлының видеосын әлеуметтік желіге жүктеп, әп-сәтте танымал болып шыға келді.

Бейнежазбаға америкалық әйгілі рэпер Snoop Dogg те қызығушылық танытып, Instagram-дағы парақшасына бөлісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осыдан кейін видеоға шетелдіктер тарапынан үлкен қызығушылық туып, пікірталас та өрбіді: бірі баланы "қазақ ауылының баласы" десе, енді бірі "қырғыздың баласы" деп топшылаған.

Махамбет Ермековтің айтуынша, видео 9 тамызда түсірілген.

– Алдымен TikTok-қа салдым, ол жерде 25 миллион қаралым жинады. Кейін Instagram-ға жүктедім, бір аптаның ішінде 100 миллионнан астам қаралымға жетті. Бұған дейін 700 ғана жазылушым бар еді, қазір 15 мыңнан асты. Негізінен шетелдіктер, – дейді ол.

Snoop Dogg-тың 88 миллион оқырманы бар парақшасында жарияланғаннан кейін Махамбетке Түркия мен Ресейден, басқа да елдерден хабарласып, видеоны сатып алғысы келгендер көбейген. Бірақ автор шетелдік келісімшарттарға қатысты шарттарды түсінбей, мәмілеге бармағанын айтады.

Махамбет – 30 жаста, үш баланың әкесі. Желіде танымал болған үлкен ұлы Керей 29 қазанда үш жасқа толады. Отбасы Ақтөбе қаласының маңындағы Күншуақ ауылында тұрады.

– Бұл видеоның танымал болатынын ойлаған жоқпын. Балам құлынға жем салатын ыдысты ұстап алған. Қаздар жем бар деп соңынан ерген, ал ұлым қорқып қашып барады. Мұндай жағдай ауылда жиі болады. Енді осы сәтті пайдаланып, әлеуметтік желіні дамытқым келеді. Сонымен қатар ұлттық спортты да насихаттасам деймін, – дейді ол.