Жол-көлік оқиғаларының алдын алу: Дрондар иесіз жайылған малды анықтайды
Қараусыз жануарлар жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатыны мәлім. Абай облысында дрондар малдың бақылаусыз жайылуын ...
Жасанды интеллектінің түрлі салада кеңінен қолданылуы қорғаныс саласына да елеулі өзгеріс әкелді, деп хабарлайды 24kz.
Дрондарды әскери мақсатта пайдалану саладағы жаңа бетбұрысқа айналды. Сондықтан АҚШ қорғаныс саласында жасанды интеллектіні іске қоспақ. Бұл бойынша калифорниялық TurbineOne компаниясымен келісім жасасып қойған.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- АҚШ қорғанысын күшейтеді. Яғни, дрондарға тойтарыс беру үшін әуе қорғанысы жүйесіне жасанды интеллект орнатады. Бұл кез-келген дронды дер кезінде анықтап, қағып түсіруге көмектеседі-мыс. «Сондай-ақ бөгде сигналдарды бірер минутта талдап, жау әскерінің жасырынған орындарын анықтауға мүмкіндік береді», — дейді жоба авторлары. Танымал америкалық The Wall Street Journal басылымының дерегі бойынша жаңа технологияның құны – 99 млн доллар.
ЦИТАТА: Яна Калина, TurbineOne компаниясының басқарушы директоры:
- Қазір жүйені сынақтан өткізіп жатырмыз. Әр мәселені аса сақтықпен тексеріп, бір аптада бағдарламаға 200-ден аса түзету енгіздік. Украинаны алсақ, қазір әлемде соғыс тактикасы өзгергенін көріп отырмыз. Жау байланысты бұғаттап тастауы мүмкін. Ал, жасанды интеллектіні іске қоссақ, жауынгерлер бұл мәселеге енді бас ауыртпайтын болады.
Осыған дейін кімнің соғыс ұшағы мықты болса, сол күшті болып есептелетін. Ал қазір оның өзі көзге түсіп қалатындықтан көп қолданыла бермейді. Сондықтан Пентагон басшысы Пит Хегсет қымбат жүйеден гөрі жасанды интеллектіні дамытып, дрондар өндірісін арттыру қажет деп санайды.
ЦИТАТА: Фрэнк Уитворт, АҚШ-тың Ұлттық геокеңістіктік-барлау агенттігінің директоры:
- АҚШ әскері жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін кескінді талдау жүйесін қолдана отырып, бірнеше минутта Жер шарының кез-келген жерінен қауіпті нысананы анықтап, жоя алады. Ол жүйе АҚШ-тағы барлық қызмет пен жауынгерлік бөлімшелерге қолжетімді болады.
Жуырда Пентагон OpenAI, Google секілді алпауыттармен де келісім жасасты. Яғни, АҚШ әскері жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа инфрақұрылым құруда. Бірақ сарапшылар: «Мұндай технология соғыс жүргізуді жеңілдеткенімен, қауіпсіздікке қатысты тәуекелді де арттырады», — дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт