АҚШ тарихындағы ең ұзақ шатдаунды аяқтайтын келісім қабылданды
Конгресс ұзақ уақыт бойы бір мәмілеге келе алмады . АҚШ сенаторлары шатдаунды аяқтауға бағытталған екі партия ...
Елдегі судың жартысынан көбі сырттан келеді. Яғни тіршілік нәрінің 50,4 пайызы Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Қырғызстаннан ағатын трансшекаралық өзендерге тиесілі. Сондықтан су саясатына келгенде көршілермен тату болу маңызды. Былтыр Су ресурстары және ириигация министрлігі көрші елдердің өкілдерімен 44 кездесу өткізді. Бұл кездесулерде осы суды әділ бөлу мәселесі қаралды. Орталық Азия елдері мен Ресейден бөлек алғаш рет Қытай мемлекетімен келісім жасалып жатыр.
Ислам Тұрсынбек, ҚР СРИМ Халықтаралық Ынтымақтастық Департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында ынтымақтастық жөнінде келісіміміз бар. Сол келісім аясында қазіргі уақытта жұмыс жасалып келе жатыр. Сонымен қатар трансшекаралық өзендер бойынша су бөлуге қатысты келісімшарт қазіргі уақытта жасалып жатыр. Айта кету керек, Қытай Халық Республикасы көршілес мемлекеттермен ондай келісімшарттар жасаспайды. Егер Қазақстан Республикасы келісімшартқа отыратын болса, бірінші мемлекет болатын боламыз.
Келісім — су қауіпсіздігінің кепілі
Трансшекаралық өзендер суының елеулі бөлігі егін суғаруға жұмсалады. Биыл оңтүстік аймақтағы шаруашылықтар 10,3 млрд текше метр су алды. Мұнда Қызылорда мен Түркістан облыстарының үлесі көп. Бұл өңірлердің әрқайсы 3 млрд текше метрден астам суды кәдеге жаратты. Ал Алматы және Жетісу облыстарындағы диқандар 1 млрд текше метрден астам тіршілік нәрін тұтынса, жамбылдықтар 961 млн текше метр суды қажетіне алды.
Барлығы – 10,3 млрд м³
Қызылорда облысы – 3,51 млрд м³
Түркістан облысы – 3,35 млрд м³
Алматы облысы – 1,3 млрд м³
Жетісу облысы – 1,2 млрд м³
Жамбыл облысы – 961 млн м³
Мемлекетаралық келісімдер су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. "Бұл келісімдерді бұзуға тараптардың еш құқы жоқ", — дейді сарапшы.
Құралай Яхияева, сарапшы:
Келісілген келісім бар, шарт бар. Ол — мемлекетаралық келісімшарт. Ол жай келісімшарт болып саналмайды, оның дәрежесі өте жоғары. Сондықтан ондай жасауға олардың құқылары жоқ. Бірақ жаңағы судың азайған кезінде біз жаңағы бермей жатыр деп жәй халық дабыл қағады. Ол тек су аз жылдары су аз көлемде келеді. Аз көлемде келуін жаңағы комиссия отырысында шешіледі. Бес мемлекет өздері бірге отырып, келісіп, есептеп, қол қойып шешеді. Кімге қанша, азғантай су болса, сол азғантай суды бөліседі.
Сырдарияның ағысы азайды
Осы келісімдер аясында биыл Шу өзенінен 154 млн текше метр, Таластан 390 млн текше метр су алдық. Жайықтың ағыны 8 текше шақырымға жуықтап, Ертістің ағыны 5 текше шақырымнан асты. Ал Іленіңмен келген судың арқасында Балқаш көлінің деңгейі 32 см-ге көтерілді. Дегенмен Сырдарияның ағысы азайды. Министрлік маманы бұның себебін қуаңшылықпен байланыстырып отыр.
Шу – 154 млн м³
Талас – 390 млн м³
Жайық – 7,8 млрд м³
Ертіс – 5,3 млрд м³
Іле – 6,6 млрд м³
Ислам Тұрсынбек, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Болжамдық кестеге сәйкес Шардара су қоймасына 3,1 млрд метр куб су келуі күтілген. Алайда Сырдария өзені бассейніндегі бүйірлік су келуінің аздығы және вегетациялық кезеңде жауын-шашынның аз болуы, сонымен қатар осы жылдың жылдық бізде суы аз жыл болғандықтан нақты қазіргі уақытта 2,4 млрд су келіп отыр. Бұл болжамды көлемнен 700 млн метрге аз болады. Осы вегетациялық кезең соңына дейін қосымша 100 млн метр куб су күтілуде.
10 млрд м³ су үнемделеді
Президент 2040 жылға қарай суға сұраныс 50 пайызға артатынын айтты. Сондықтан суды үнемдеу қажет-ақ. Үкіметтің ирригация желісін дамытып, су қоймаларын тұрғызуға кіріскені көптің үмітін үкілеп отыр. Су шығынын азайту мақсатында 14 500 шақырым канал жөнделеді. Соның арқасында 2030 жылға қарай жылына 10 млрд текше метр су үнемделмек. Бұдан бөлек келген суды жинап алатын 42 су қоймасын салу жоспары бар.
Авторы: Нұрқанат Қанапия