• 21-11-2025

Ұлытау облысында Тұрақтандыру қорынан 600 тонна азық-түлік сатылды

Ұлытау облысында жыл басынан бері тұрақтандыру қорынан 600 тоннаға жуық азық-түлік саудаға шығарылды. Халық көп тұтынатын өнім нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен. Бұдан бөлек, бірқатар ірі сауда орны мен әлеуметтік маңызға ие азық-түлікке 15 пайызға дейін артық үстеме қоспау жөнінде меморандум жасалды.

Облыстық тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызға ие өнімнің 14 түрі бар. Олар кез келген дүкенде сатылмайды. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен келісім жасаған сауда орындарында ғана сөреге қойылады. Қазір мұндай 25 дүкен Жезқазғанда бар. Ондағы тауарлар базардан қарағанда 15-20 пайызға арзан.

Венера Құлшығашева, кәсіпкер:

- Дүкенімізде «әлеуметтік бұрыш» үш апта бұрын ашылды. Мұнда баға өзге дүкендерге қарағанда төмен болғандықтан сұраныс күннен-күнге артуда. Тұрақтандыру қорынан апта сайын аламыз. Алдағы уақытта ет өнімдерін саудаға шығарамыз.

Әлеуметтік дүкендерден бөлек, тауарлар ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде де сатылады. Базардағы бағаның ырқына қарай реттеліп отырады. Қазір қорда бір жылға жететін 3500 тонна көкөніс, 1 млн 200 мың жұмыртқа бар.

Ержан Жолдасов "Ұлытау" ӘКК басқарма төрағасының орынбасары:

- Өткен үш айда күріш жақсы өтті. Қазір күріш сәл түсті де, бізде майдың бағасы өсті. Сондықтан біз соның бәрін реттеп тұрамыз. Бұл жерде жалғыз біз емес қой. Құзырлы департаменттер бар, құзырлы басқармалар бар. Талқылап, шығарып қай зат өсті соған байланысты жұмыс істейміз.

Әзірге өңірде әлеуметтік маңызға ие ұн, нан және ет қана шығарылады. Қалғаны өзге өңірлерден әкелінеді. Сол себепті облыс басшылығы жергілікті өнім түрлерін инвестициялық жобалар арқылы кеңейтуге ниетті.

Нұрғиса Мырзабек, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Ұлытау ауданында көкөніс өсіру жобасы іске асырылуда. Негізгі жобаның қуаттылығы 400 гектар аумаққа мал азығы мен көкөніс егу жобасы. Биыл шаруа қожалығы 200 гектар жерге арпа екті. Келесі жылдан бастап 100-150 гектар аумаққа картоп егеді деп жоспарлап отыр. Бұл облысымыздың қажеттілігін 30 пайызға дейін қамтамасыз ете алады.

Жезқазғанда жыл соңына дейін сыйымдылығы 10 мың тонна болатын көкөніс қоймасының құрылысы басталады. Мамандар: «Бұл қысқы мезгілде шарықтап кететін көкөніс бағасын тұрақтандыруға сеп болады», — дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов