• 21-11-2025

Агросаладағы импортқа тәуелділік

Араб әмірліктері азық-түлік импортына тәуелділігін төмендетуге ден қойды. Салада сырттан жеткізілетін өнім үлесі артып, шекті межеге жеткен. Мемлекет бұл бағытта бірқатар батыл қадам жасағанымен, инвестиция әлі ақтала қойған жоқ.

Тығырықтан шығар жолдың бірі ретінде тамшылатып суару технологиясы таңдалып отыр. Тұщы судан тапшылық көретін ел контейнерлік ферма шаруашылығын да қолға алған.

Әдетте тек мұнай, газ, қаржы және айти саладағы ірі форумдармен танымал Дубай биыл тың бағытқа бет бұрып, фермерлер қауымын бір алаңға жинады. Аумағы атшаптырым көрме бір сәтке ауыл шаруашылығы техникасы және құрал-сайманға толды. Бұған өзіндік себеп те бар. Айталық елде қазір азық-түлік импорты едәуір артқан. Ішкі сұраныстың 80 пайыздан астамы сырт елдер есебінен өтеледі.

Рашид Хамад, фермер:

Мұндай ауыл шаруашылығы көрмесі біз секілді фермерлердің әлемдік жаңашылдыққа бір табан жақындай түсуіне қолайлы. Себебі көптеген технология, өзгерістер ұсынылып жатыр. Бір өкініштісі, агрофорум өте сирек болады. Біз де қолымыздан келгенше егін еккіміз келеді.

Климат қинап, қоршаған орта қолайсыз болғанымен, кей араб кәсіпкерлері егіншіліктің қыр-сырын терең меңгеруге ден қойған. Құрамына 4 бірдей ферманы біріктірген Хасан Халави бірер жыл бұрын арнайы жылыжайда көкөніс өсіруді қолға алып, қазір игілігін көріп отыр. Тамшылатып суару, гидропоника және вертикалды ферма әдістерін кеңінен қолдана бастаған.

Хасан Халави, агрокомпания басшысы:

Жаңа піскен жемістеріміз елге кең таныла түсті. Мақсатымыз ел нарығын ғана қамту емес, экспортқа шығу. Жалпы агро біз үшін ең ауыр әрі қиын салалардың бірі. Жеріміз ыстық әрі құрғақ болған сайын, климат өзгеріп, дәстүрлі кәсіптен қол үзіп қаламыз деп қорқамыз. Сондықтан өсу-өркендеу үшін осындай іс-шаралар өте қажет.

Жалпы әмірлікте мәселені реттеуге билік пен бұқара да кірісіп кетті. Егіншілікпен айналысқысы келетіндер қарасы осы күні баршылық. Біріккен ұлттар ұйымы болса, ресми Абу Дабиді бау-бақша өнімдерін көптеп өсіруге үндеп, заманауи технологиялар ұсынды. Сөйтіп араб жерінде 2051 жылға дейін азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағдарламасы әзірленді. Оның аясында фермерлерге түрлі жеңілдік ұсынылып, агросалада тыңнан түрен салуға жол ашылды.

Рашид Хамад, фермер:

20 жыл өмірімді осы агроөндіріске арнадым. Манго, жүгері және Африка елдері тұтынатын саңырауқұлақтар өсіремін. Бәріне маңдай тер керек. Шаршайтын да кезіміз болады. Мен үшін мына контейнерлік ферма тақырыбы қызық. Зерттеп, зерделеп көріп жатырмын. Әлгінде ғана бір танысым осындай жабық және жылжымалы жылыжайға қол жеткізді.

Дегенмен мұның барлығы елді жеміс-жидекпен толықтай қамтуға жеткіліксіз. «Оның үстіне, нарықтағы импорт үлесінің бірден кемуі екіталай, сондықтан әзірге шет елдерден тасымалдай тұру қажет" — дейді мамандар. Жағдай алдағы 30-40 жылда өзгереді деген сенім басым. Мұндай күрделі мәселеге бір есептен араб түбегіндегі тұщы су тапшылығы себеп. Тіршілік нәрі жетпесе, агроөнім өндірісін ұлғайту қиын. Мәселеге ғылыми мекемелер араласып, жоқтан бар жасауға талпынып жатыр.

Рауан Мыңбай, 24kz