• 13-03-2025

Сырдарияда күн күрт жылынғаннан сең жүре бастады

Мамандар Сырдария өзені мен су шаруашылығы нысандарындағы жағдай тұрақты, күнделікті бақылауда екеніне сендіріп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

– Өзеннің оңтүстік және орталық бөліктері мұздан толық тазарды. Арал және Қазалы аудандарының аумағында толық мұз ұстасып тұр. Ал Қармақшы ауданы аумағының 90% бөлігі мұздан тазарды, – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында өткен күз-қыс мезгілдерінде осал қорғаныс бөгеттерінің 5,4 шақырымы нығайтылды.

– Наурыз айында өзен иірімдеріндегі мұзды қауіпсіз өткізу үшін де 13,2 мың бау қамыс, қада сияқты 3,1 мың инертті материалдар қоры жинақталды. Сонымен қатар 10,1 тонна дизель отыны, 2,5 тонна бензин және құм толтыруға арналған 3,5 мың қап дайын. Республикалық меншіктегі стратегиялық маңызы бар 4 су торабы транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, – деді Айдос Асанбаев.