Президент төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай институтын толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыруды тапсырды, деп хабарлайды ...
Кітапхана, мұрағат қызметінің әлеуметтік мәселелері шешілуге тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың кешегі 4-ші отырысында ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтып, үлкен мән берді.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіге, танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы қандай да бір сурет немесе видео әзірлеуге тапсырыс берсеңіз, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады.
Қазақ деп басқа ұлттардың жүзін бейнелейді, қазақтың ұлттық костюмі орнына бөтеннің киімін ұсынады және сол сияқты.
"Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе, ағылшын тіліндегі ақпараттар көп емес. Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті. Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек", – деп тапсырды Президент.
Бұл істің көш басында "Ғылым ордасы" жүруге тиіс еді. Кезінде мемлекет "Ғылым ордасы" ШЖҚ РМК-сін құрып, оның құрамына бірден 8 мәдени ұйымды берді.
Нәтижесінде, оның құрылымдық бөлімшелеріне Орталық ғылыми кітапхана, 4 мұражай, соның ішінде Қазақстанның тарихы музейі, Ғылыми музейі, Археология және Табиғат музейлері, Қазақстанның ғылыми мұрағаты, Қалпына келтіру және консервациялау орталығы кіріп, соның басшылығымен жұмыс істеуде.
Ресми дерек бойынша бүгінде оның кітап қоры 5,8 миллионға жеткен. Соның ішінде ерекше тарихи-мәдени құндылығы бар сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры 150 мың данадан асыпты.
Осының үлкен бір бөлігі цифрландырылса, интернетке ашық орналастырылса, ағылшын тіліне аударылса, онымен лезде танысқан жасанды зерделер Қазақ елі туралы толығырақ құлағдар болар еді.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, ғылыми, ғылыми-техникалық және ғылыми-педагогикалық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын республикалық бюджеттен "Ғылым ордасына" тұрақты қаражат бөлінеді.
Ел қаржысы Орталық ғылыми кітапхана қорының, ғылыми мұрағаттың, 5 музейдің экспонаттарының, сирек кездесетін кітаптарды, басылымдарды, қолжазбаларды қалпына келтіру және консервациялау орталығының, сондай-ақ кітапхана мен мұрағат қорын цифрландыру кешенінің сақталуын қамтамасыз етуге шығындалады.
Вице-премьердің мәліметінше, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте "Ғылым ордасына" жалпы сомасы 1 миллиард 946 млн теңгеге шығыстар бөлінді.
Жылдар бойынша тарата айтқанда, 2025 жылға – 651 млн теңге, 2026 жылға – 647 млн теңге, 2027 жылға – 648 млн теңге қарастырылған.
"Осы сома аясында "Ғылым ордасының" қызмет көрсетуші және әкімшілік персоналының 214 қызметкерінің еңбекақысын төлеуге арналған шығыстар, жалпы ауданы 38 мың шаршы метрден асатын кешеннің коммуналдық шығыстары, байланыс қызметтері, іссапар шығыстары, шаруашылық, кеңсе және басқа да тауарларды сатып алуға арналған шығыстар, сондай-ақ кешеннің және негізгі құралдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін түрлі қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу көзделген. Ал, кітапхананың журналдар мен газеттерге жазылуына, сондай-ақ кітап сатып алуына жыл сайын 30 млн теңге берілді", – деді Ермек Беделбайұлы.
Оның айтуынша, "ШЖҚ РМК" деген ұйымдық нысанына байланысты Президенттің "азаматтық қызметшілердің жалақысын 2022 жылдан 20%-ға арттыра отырып, 2025 жылға қарай 2 есе ұлғайту" тапсырмасы дәл осы "Ғылым ордасы" қызметкерлеріне таралмапты.
Вице-премьер "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға сәйкес, "Ғылым ордасының" еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі белгілейтінін жеткізді.
Министрлік 2025 жылы еңбекақы төлеу қорын 411,9 млн теңге деп бекітіпті. Мұны әлгінде айтылған 214 қызметкерге бөлгенде, әрқайсысына орта есеппен жылына 1,9 миллион теңгеден ғана келеді.
Бұл ретте еңбекақы төлеу қоры шегінде "Ғылым ордасы" әрбір қызметкерге төлейтін лауазымдық жалақының мөлшерін, сыйлықақы беруді және өзге де сыйақы жүйесін өз бетінше, дербес айқындайды.
Дегенмен, Үкімет басшысының орынбасары бұл мәдениет қызметкерлерінің де жалақысын көтеру мәселесі пысықталып жатқанын мәлім етті.
"Жалпы, "Ғылым ордасы" маңызды ғылыми, зерттеу және білім беру миссиясын орындайды. Оның мұражайларына жылына 110 мың адам барады. Келушілер көп. Сирек кездесетін ірі қорларға ие: 18 753 экспонат, 5,8 млн кітап, 123 815-тен астам бірегей құжаттары бар. Осыған байланысты Ғылым министрлігіне "Ғылым ордасы" қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін, оның ішінде штат кестесін, еңбекақы төлеу нысандарын, еңбекақы төлеу қоры шегінде лауазымдық айлықақыларға қосымша ақы төлеу мәселелерін пысықтау тапсырылды", – деді Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, "Ғылым ордасының" материалдық-техникалық базасын жаңғырту, нығайту, қызметкерлердің мәртебесін арттыру мәселелерін қарау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылыпты.
Ол аталған республикалық мемлекеттік мекеменің қызметін жетілдіру жөніндегі "Жол картасының" жобасын әзірледі.
Бұл "Жол картасының" жобасында кітап қорын сақтау жағдайларын жақсарту (оңтайлы температура мен ылғалдылық режимін сақтау, қорды жүйелі түрде шаңсыздандыру), ЮНЕСКО, IFLA (Халықаралық кітапхана қауымдастықтары федерациясы) және басқасының заманауи стандарттарына сәйкес ежелгі қолжазбалар мен кітаптарды сақтау қорын жаңғырту сияқты біраз шара қарастырылған.
Вице-премьер осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанына және Үкіметтің тұрақты бақылауында болатынына сендірді.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, келер ұрпаққа аманат етілетін баға жетпес мәдени және тарихи мұраның сақтаушылары қазіргі кезде заманауи талаптарға сай техникалық базаның жоқтығы, білікті кадрлардың тапшылығы мен төмен жалақы секілді проблемаларға тап болып, тығырыққа тірелген жайы бар.
Мысалы, "Ғылым ордасының" құрамына енген Орталық ғылыми кітапханада бірегей сирек кітаптар, соның ішінде XV-XVIII ғасырларға жататын 20 мың дана қолжазба, 100-ден астам тілдегі 900 мың ғылыми басылым және ғылыми жинақтар бар.
"Бұл – еліміздің зияткерлік қазынасы. Алайда оның ғимаратындағы ауа баптау, кондиционерлеу жүйесі жұмыс жасамайды! Қыста суық, жазда ыстық, ылғалдылық деңгейі еш реттелмейді. Салдарынан, тарихи маңызы зор кітаптар шіріп, үгітіліп, түптері ажырап, құрып барады. Қазынаны сақтап, зерттеу үшін білікті маман қажет. Бірақ кітапхана штатындағы 20 жылдық тәжірибесі бар 40 шақты білікті қызметкер небәрі 100 мың теңге жалақы алады! Мемлекет елдегі кітапханашылардың жалақысын кезең-кезеңімен көтеруде. Алайда Ғылым министрлігіне бағынатын Орталық ғылыми кітапхананың қызметкерлері игіліктен қағылды", – деді мәжілісмен Сүлейменова.
Депутат Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ғылыми архив те жыларман жағдайда көрінеді.
"Архив Қазақстан тарихының жазба мұралары сақталатын ұлттық маңызы бар бірегей қор. Бірақ бұл мекеме де тиісті деңгейде қорғалмаған. Білікті мамандардың жетіспеуі, олардың төмен жалақысы салдарынан құнды тарихи құжаттарды цифрландыру тежеліп тұр. Қазақстан ғылымы тарихы музейі күрделі жөндеуден кейін экспозициясын қайта құруға қаражат бөлінбеген! Заманауи жабдықтардың, цифрлық технологиялардың жоқтығы музей қызметінің сапасын төмендетіп, келушілер санын азайтуда", – деді мәжілісмен.
Қызметкерлердің жалақысының тым төмен болуы бұл орталықтардан кәсіби мамандардың жұмыстан жаппай кетуіне соқтырып, олар толыққанды ғылыми-ағартушылық мекеме болудан қалуға шақ тұр.
Сондықтан ғылыми архив, музей және кітапхананың инфрақұрылымын жаңғырту, материалды-техникалық базасын нығайту, жаңа стандарттар мен технологияларды енгізу жөніндегі шаралар шұғыл қолға алынуы қажет.
Сондай-ақ, бұл саладағы мәдени қызметкерлердің мәртебесін көтеру, еңбекақы төлеу шарттарын өзгерту, қосымша төлем мен үстемеақы төлеу мәселесі қарастырылып, құнды құжаттарды толық цифрландыру арқылы тарихи мұраның сақталуы жүзеге асырылуға тиіс.
Еліміздің интеллектуалды мұрасын сақтап қалуға байланысты бұл мәселелердің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.