Балаларға имамның аяғын уқалатқан медресе бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы алған
Имамның аяғына массаж жасап жатқан балалардың видеосы түсірілген Сарығаш медресесі 2018 жылдан бастап бюджеттен 1,93 ...
Түркістан облысының Жетісай ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.
Мақталы ауылдық округінде бой көтерген медициналық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында іске асты. Ауыл тұрғындары алпыс жыл бұрын салынған аурухана әбден ескіріп, жарамсыз күйге түскенін айтады. Жаңа нысанның ашылғанына ауыл халқы ризашылықтарын білдірді.
Мақталы ауылдық округінде сегіз мыңға жуық халық тұрады. Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылғанын ауыл тұрғындары асыға күтті. Себебі заманға сай медициналық құрыл-жабдықтармен қамтамасыз етілген нысан ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтады.
Мұхаммедин Әмірбеков, Мақталы ауылдық округінің тұрғыны:
- Ішіне кірдік, көрдік. Заманауи инфрақұрылымының барлығы бар. Бұрынғы ескі ауруханамыз 1964 жылы салынған. Бұдан 60 жыл бұрын ол талапқа сай емес еді. Жылуы жоқ еді. Осындай керемет амбулаторияны салып берген Президентімізге, облыс, аудан басшыларына ризашылығымыз шексіз.
Дәрігерлік амбулаторияда 5 дәрігер мен 60-қа жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Мұнда науқастарды қарау, тексеру, екпе егу, акушер-гинекология, стоматология, УЗИ дәрігері мен күндізгі жатып ем алу кабинеттері жұмыс істейді.
Айжан Әбдиева, Мақталы дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:
- Бес участоктан тұрады біздің дәрігерлік амбулаториямыз. Ішінде барлық жағдай жасалған. Дені сау балаға арналған бөлме, патронаттық мейірбиекелерге арналған бөлме бар. Диспансерлік есепте тұратын науқастарға өз денсаулығын басқаруға үйрететін бөлмеміз ашылды. Әйелдерді көру бөлмесінде видеокольпоскопымыз бар. Жаңадан стерилизация аппараты берілді.
Былтыр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірдегі елдімекендерде 49 медициналық нысан салынды. Одан бөлек, төрт ауданаралық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Оның үшеуі заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. Жауаптылар биыл Сайрам аудандық ауруханасы озық медициналық құралдармен қамтылатынын айтады.
Асхан Айдуалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Егер осының бәрін қамтамасыз ететін болсақ, ауыл тұрғындарына үлкен көмек болады. Өйткені облыс тұрғындарының 85%-і ауылдық елдімекендерде тұрады. Сол үшін біз халыққа осы қызметті сапалы түрде жасауымыз керек. Тағы да айта кетейін, қазір түркиялық инвесторлармен бірге 570 орындық аурухананы салып болды. Осы жылдың аяғына дейін тапсырылады деп үміттенеміз.
Бұдан бөлек, қазір Түркістан қаласында 80 орындық облыстық перзентхана салынуда. Сондай-ақ биыл Сарыағаш ауданында 300 орындық медициналық кешенінің құрылысы басталады. Ал алдағы 2 жылда өңірдегі 72 елді мекенде медициналық тіректер мен фельдшерлік акушерлік пункттер бой көтереді деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш