• 30-03-2025

Мүтәліп Ережепбайұлы – майдангер, қаламгер, қайраткер

Ұлы Жеңіс – ерліктің мәңгілік символы. Сан мыңдаған боздақты жалмаған сұрапыл соғыстың жарасы әлі күнге жүректерден өше қойған жоқ. Сол қасіретті жылдардың куәсі болған, бейбіт күннің жақындауына жан аямай күрескен ардагерлер қатары жыл санап сиреп барады. Бүгінде Жамбыл облысында көзі тірі бес ардагердің бірі – Мүтәліп Ережепбайұлы.

El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Жеңіс мерекесі қарсаңында 99 жастағы майдангердің шаңырағында қонақта болып, батыр атаның ғибратты ғұмыры туралы әңгіме өрбітті.

Жасы жүзге жуықтаса да, өзін сергек сезінетін қария қонақтарын жылы шыраймен қарсы алды.

Жауды жалғыз мен жеңіп келген жоқпын ғой. Сонда да әрдайым осылай елеп-ескеріп, құрмет көрсететін пейілдеріңнен айналдым. Елімізде ешқашан соғыс өрті тұтанбай, халқымыз тек бейбітшіліктің бесігінде тербелсін. Мен куә болған қан майданды ұрпағымыз көрмесін. Өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болыңдар, – деп ақ батасын берді.

Майдан даласынан – бейбіт өмірге

1926 жылы Талас ауданында дүниеге келген Мүтәліп Ережепбайұлы балалық шағынан тағдырдың қатал сынын бастан өткерді. Әкесі Ережепбай «халық жауы» атанып, жазықсыз сотталып, кейін атылған. Анасы Бекпатша екеуі бұл ауыр қайғыға мойымай, өмірдің сынақтарына төтеп берді.

1941 жылы соғыс басталғанда, бозбала Мүтәліп өз еркімен майданға сұранғанымен оны әскер қатарына тек 1944 жылы, 18 жасқа толғасын шақырған. 664-ші мотоатқыштар полкі құрамында 3-ші Беларусь майданына қосылды. Прибалтика мен Кенигсберг маңындағы қиян-кескі шайқастарға қатысып, бірнеше рет ажал аузынан қалды. Бірақ алған жарақатына қарамастан, ерлікпен шайқасып, Ұлы Жеңістің жақындауына өз үлесін қосты.

Жан алып, жан беріскен майданда жүріп, анасына өлеңмен хат жазған кездері де болған:

"Туған елді көрем, бәлкім көрмеспін,

Ана сендей бола алмайды енді ешкім.

Отанымның тыныштығы жолында,

Жойқын жаумен белдестім..."

Бұл өлең жолдары майдангердің жүрек түкпіріндегі сағынышын, өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін көрсетеді.

Жеңіс күні жарияланғанымен, оның майдан жолы мұнымен бітпеді. Соғыстан кейін Брест қамалын және Кенигсберг қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, туған жеріне тек 1952 жылы ғана оралды.

Қаламы мен қайраты қатар жүрген тұлға

Соғыс өрті өшкеннен кейін Мүтәліп Ережепбайұлы туған өлкесінің дамуына тамшыдай болса да үлес қосуды азаматтық парызы деп білді. Ол Талас аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, кадр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бес жыл бойы Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевпен бірге жұмыс істеді.

Бірақ оның ең басты еңбегі – қазақ журналистикасы мен әдебиетіне қосқан үлесі. «Талас тынысы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінде ұзақ жылдар қызмет етіп, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, кейін бас редактор болды.

Мүтәліп Ережепбайұлы – майдангер, қаламгер, қайраткер

Оның қаламынан туған еңбектер: «Жамбыл жолы»,«Аңызға айналған ақиқат»,«Ата қоныс», «Оқ пен оттан оралғандар», т.б.

Бұл кітаптар – Мүтәліп атаның өзі куә болған тарихи кезеңдердің шынайы шежіресі.

Ерлік ескерусіз қалмайды

Мүтәліп Ережепбайұлының ерлігі мен еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Өткен жылы Беларусь Республикасының Президенті Брест қамалын қорғау және қалпына келтіру ісіне қосқан үлесі үшін «Неміс фашист әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылғанына 80 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Бұл марапат – оның жастық шағының қасіреті мен қаһармандығының белгісі. Брест қамалы – неміс-фашист басқыншыларына қарсы күрестің символы болса, сол бекіністі жаудан азат етуге қатысқан Мүтәліп Ережепбайұлының ерлігі тарихта мәңгілік сақталары сөзсіз.

Отбасы – өмірдің тірегі

Мүтәліп ата мен оның жұбайы Тынышбала Нөгербекқызы өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, үш ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан 16 немере, 43 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің ақылшы қариясына айналған.

Мүтәліп Ережепбайұлы – майдангер, қаламгер, қайраткер

– Жарты ғасырдан астам уақыт бірге ғұмыр кешіп келеміз. Түрлі қиындықтарды бастан өткердік, бірақ бәріне шыдадық. Енді, міне, ұрпағымыз өсіп, көз қуанышымызға айналып отыр, – дейді Тынышбала апа.

Жыр жолдары – ғұмыр айнасы

Бүгінде 99 жасқа толған ардагер ғасыр тойына жақындап келеді. Оның:

"Қош келдің, үлкен ауыл тоқсан деген,

Жүріп келем жақсылар өткен жолмен.

Жамбыл жайлы бір еңбек жазып шықтым,

Үмітім бар Жамбыл жасына жетсем деген…"

деген жыр жолдары – оның өмірге деген құштарлығы мен үмітін айқын көрсетеді.

Мүтәліп Ережепбайұлы – тек соғыс ардагері ғана емес, бейбіт күннің қаһарманы. Ол өз өмірімен жанқиярлықтың, адалдықтың, еңбексүйгіштіктің, парасаттылықтың үлгісін көрсетіп келеді.

«Бейбіт күннің бағасын біліңдер, соғыс болмасын!» деп бата берген қарт майдангердің ғұмыры – ұрпаққа үлгі, есімі – мәңгілік.