• 31-03-2025

Гвардейск гарнизонының артиллеристері Астанадағы Жеңіс парадына қатысады

54-ші артиллериялық құраманың жүзге жуық әскери қызметшісі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындыққа қатысу үшін елордаға аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жеке құрам өздерімен бірге шеру өтетін жерге Шпагин пситолет-пулеметтерін, 7,62 мм калибрлі «Максим» пулеметтерін, Орал-4320 базасындағы «Прима» реактивті жүйесінің жауынгерлік машиналарын және 2А65 152 мм гаубицаларын әкелуде.

Біздің әскери қызметшілер қарқынды дайындықтан өтті және Гвардейск гарнизоны мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы атынан шеруге қатысуға дайын, – деді құрама командирі полковник Дәулет Жорғатаев.

54-ші артиллериялық құраманың тарихы 1941 жылы Барнауыл қаласында құрылған 828-ші артиллерия полкінен басталады. 1942 жылы 3 наурызда бір бөлігі Батыс майданға аттанып, онда 51-ші армияның 298-ші атқыштар дивизиясының құрамында ірі жауынгерлік операцияларға қатысты.

1942 жылғы 23 қарашадан 1943 жылғы 3 ақпанға дейінгі Сталинград шайқасы кезінде полк жау тобын қоршауға алып, жою шайқастарына қатысты. Көрсеткен ерлігі үшін бөлімге құрметті гвардиялық атағы берілді. Кейін

171-ші гвардиялық артиллериялық полк болып өзгертілді. 1946 жылы маусымда құрама Самарқандқа, ал 1970 жылы Жамбыл облысының Гвардейск кентіне көшірілді.

Жеңіс шеруіне қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Үлкен атам Нұрмұхан Есімов пен оның бауыры Нұрғазы Ұлы Отан соғысы майданында соғысқан. Елордада өтетін осы маңызды оқиғаға қатысу құрметіне ие болғанымды мақтан тұтамын, – деп атап өтті гвардия қатардағы жауынгері Ілияс Есімов.

Аға буынның жауынгерлік дәстүріне адал артиллериялық құрама әскери қызметшілерінің Жеңіс шеруіне қатысуы – фашистік басқыншылармен болған қанды шайқаста бейбітшілік үшін қан төккен қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне көрсеткен құрмет болмақ.