• 21-11-2025

Ақмола облысында полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды

Ақмола облысында полицейлер ер адамның өмірін құтқарып қалды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia. kz-ке сілтеме жасап.

Көкшетау қаласында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды. Оқиға тамызда болды. Сағат 13:40 шамасында "102" желісіне қыз баладан қоңырау түсті. Ол ағасы Автокөлік қалашығы ауданынан Volkswagen Polo көлікпен шығып кеткенін және өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін хабарлаған.

Ер адам орман алқабы жаққа қарай бет алған, алайда нақты орналасқан жері белгісіз болған. Түскен қоңыраудан кейін Көкшетау қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Азамат Алиханович Албақов пен Ербол Ескенович Тұрсынбаев жедел түрде әрекет етті.

"Біз Қарасай айналма жолының бойындағы орман алқабын тексеріп көруді ұйғардық. Автодромның қарсы бетінде екі қара жол бар еді. Бірін таңдап, ішке қарай жүрдік. Орман ішінен Volkswagen Polo көлігін таптық. Ішінде жігіт отыр екен", — деп баяндады аға лейтенант Албақов.

Полиция қызметкерлері ер адаммен жылдам байланыс орнатып, әңгімелесе бастады, оған психологиялық қолдау көрсетті. Нәтижесінде оны райынан қайтарды. Кейін ер адам полицияның №1 тірек пунктіне жеткізілді. Кейін қарындасы келіп, бауыры қауіпсіз жағдайда соған тапсырылды. Эмоционалдық күйзелістің себебі — жұбайымен болған отбасылық жанжал.

"Ең бастысы — оның аман қалғаны. Мұндай сәттерде жанында болып, тыңдай білу және қолдау көрсету маңызды1, — деді капитан Ербол Тұрсынбаев.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің кәсібилігі, сезімталдығы мен батыл әрекеттерінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алып, бір адамның өмірі сақталып қалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget