• 21-11-2025

БҚО-ның 50 ауылына жаңа емдеу мекемесі салынды

Батыс Қазақстан облысында « Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы 3 жылда 50 нысан салу жоспарланған еді, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде соның 49-ы халық игілігіне тапсырылды. Болашақта өңірде тағы 49 емдеу мекемесі салынады. Оның ішінде 440 орындық облыстық көпбейінді аурухана, Зашаған және Деркөл кенттерінде бір мезетте 250 адам қабылдайтын екі емхана, перинатальды орталық және облыстық патолого-анатомиялық бюро құрылысы бар.

Сырым ауданы Шағырлыой ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт биыл салынды. Ескі емдеу мекемесі ауыл шетінде әрі жеке тұрғын үйде орналасқан екен. Енді еңселі де жарық, жаңа ғимарат бой көтерді. «Бұрынғыдай аудан орталығына шапқыламайтын болдық», — дейді тұрғындар.

Ермекқали Әшенов, Шағырлыой ауылының тұрғыны:

- «Бұрын аудан орталығына шабатын едік, енді мынаның ішінде бәрі бар», — дейді. Кардиоорталықта беретін препараттарды осында беруге болады дейді. Өзім есептегі кісімін. Қазіргі мына медпункт жаңадан ашылған, өте жақсы орналасқан, ауылымызды асфальттады.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аясында облыста 3 жылда 50 нысан салу жоспарланған еді. Қазір Бұлдырты ауылындағы бір ғана нысан қалды, басқасы түгел тапсырылды. Жаңа емдеу мекемелері қажетті медициналық құралдармен толық қамтылған.

Айымгүл Аққайырова, фельдшер:

- Электрокардиограф аппараты, спирография, КТГ аппараты жүкті әйелдердің ішіндегі балалардың қалыпты даму-дамымауын қарауға, сосын қақырық жинайтын бөлмеміз бар. Сәулемен емдейтін бөлме ашылды. Онда көп аппарат бар. Магнитотерапия бар, жарықтерапия бар, солармен ауылдың кісілерін аудан орталығына сабылтпай жұмыс жасап жатырғандарымызға қуаныштымыз.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласында жаңа нысандар құрылысын жалғастыруға тапсырма берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, өңірде әлі 49 емдеу мекемесін салу қажет.

Мадияр Өтешев, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ауыл денсаулығын жаңғырту жобасы бойынша тағы екі үлкен жобамыз бар. Бұл Бөрлі ауданы және Казталов ауданы екі ауруханамызды ауданаралық үлкен ауруханаға ауыстыру. Ол жоба ішінде үлкен құрылыстар да бар, екі ауданға сол бұрынғы ғимараттары қасына тағы да күрделі құрылыс нысандарын салып, ішінде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтап, биыл жоспарымыз бар бастап кетуге. Жалпы бұл жоба 26 жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Екі ауданға 20-дан астам кадр мәселесі жабылып, күрделі нейрохирург, кардиолог деген секілді мамандар оқу сатысынан өтіп жатыр.

Сонымен қатар таяу жылдары облыс орталығында екі емхана, перинатальды орталық және 440 орындық облыстық аурухана құрылысы жоспарланған. Соның 120 орны жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан сырқаттарға арналған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов