Астанада Құрманғазы оркестрінің мерейтойлық концерті өтті
11 маусым күні астаналықтар Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында Құрманғазы аты ...
Көкшетауда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті, деп хабарлайды 24kz.
Кеш барысында ұлттық рухты оятатын әуезді әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды. Сондай-ақ жиналған көпшілікке заманауи бағыттағы шығармалар мен әлемдік классикалық туындалар да ұсынылды. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ұжымының кешін 10 мыңға жуық адам тамашалады.
Көкшетау – ән мен жырдың ордасы. Кешегі Біржан сал мен Ақан серіні тудырған қасиетті топырақ. Кербез өлкенің баурайы тағы бір дүбірге бөленді. Бұл жолы араға 20 жыл салып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі жергілікті тұрғындарға жаңа концерттік бағдарламасын ұсынды.
Марат Сайдалин, қала тұрғыны:
- Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрінің келгені қазақ ұлтының рухын бір көтеріп тастады. Мынау күмбірлеген күйіміз Көкшетаудың көлінің жағасында үлкен бір ғанибет деп айтуға болады.
Өнер ұжымының кеші Қопа көлінің жағасындағы жаңа жағалауда ұйымдастырылды. Бұл да өз кезегінде өнерпаздарға ерекше шабыт берді. Жалпы өнер ұжымының репертуарында 5 мыңға тарта туынды бар. Десе де, олар осы жолы халықтың есінде жатталып, сақталып қалған ән, күйлерді орындады.
Абылай Тілепберген, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері:
- Осындай жерге келіп, ұлы адамдар шыққан жерге келіп концерт беру біз үшін өте үлкен мақтаныш. Және де осындай халық арасында, көлдің жағасында жаңадан тұрғызылған амфитеатрда концерт беру үстіндеміз. Барынша халыққа білетін күйлер мен әндерді көптеп қосуға тырыстық.
Өнерпаздардың ішінде есімі елге белгілі әншілер де бар. Көпшілік оларды ерекше қарсы алып, қошеметке бөледі.
Нұрлан Өнербаев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Бұл қалаға өнер сапарымен қаншама рет келдім. Әр келген сайын елдің өнерге деген, өнерпазға деген ықыласына қашанда шомылып, соған риза болған сәттерім көп болды.
1934 жылы академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі – қазақ мәдениетінің алтын арқауы, ұлттық мұрамыздың жарқын көрінісі. Бастапқыда небәрі 11 домбырашыдан құралған бұл ұжым бүгінде әлем сахналарын бағындырып, ұлы дала әуенін күллі жаһанға танытып келеді. Бүгінде бұл ұжым қазақ музыкасының алтын діңгегі іспетті.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Азат Аитов