• 21-11-2025

Араб елдерінде Қытай көліктеріне сұраныс артып келеді

Шығанақтағы араб елдерінде қытайлық көлікке сұраныс едәуір артып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Соның әсерінен еуропалық танымал брендтер қымбат санаттағы өнімге айнала бастады. Сәйкесінше, саудасы қыз-қыз қайнайтын кездері сирек. Бұл үрдіс ескі көліктер нарығындағы ахуалды да біршама теңселтті.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб мемлекеттерінде шетелдік автокөлік үлесі әуелден басым. Нарыққа әдетте жаңа темір тұлпарлар Еуропа және АҚШ-тан жеткізіледі. Бұрын батыс елдерінің танымал бредтерінен көз сүрінетін. Қазір жағдай өзгерген. 2019 жылдан бері қытайлық өндірушілер шығанақ тұтынушыларының назарын өзіне аудара бастады. Сауда орталықтарында тоқтаусыз жарнамасы жүргізіліп, баға және логистика тұрғысынан қолжетімділігі насихатталды. Табысы орта деңгейдегі арабтарға керегі де сол еді. Нәтижесінде Қытайда жасалған өнімнің танымалдылығы артып, кеден бедеріне лек-легімен әкелінді. Осы күні оның шығанақ нарығындағы үлесі 15%-ке жуықтады. Тең жартысы Әмірліктерге тиесілі. Бұл жағдай Дубай мен Шарджадағы ескі көліктер аукционына әсер етпей қоймады. Тіршілігі қыз-қыз қайнайтын ортада қазір тек қымбат санатқа енген көліктер саудасы жүріп тұр.

Мұхамед Абдул Фатах, аукцион ұйымдастырушысы:

- Өздеріңіз көргендей, аукционда негізінен бренд маркалы көліктер ғана сатылып жатыр. Алыстан ат терлетіп келгендер таңдаулы маркадағы өнімдерді қалайды. Жай ғана күнделікті жүріс-тұрысқа арнап машина алатындар аз. Белгілі бір маркаға қызығатындар қалған.

Электромобильдер нарығында да осыған ұқсас жағдай. Оған сұраныс әмірліктерде 60-65%-ке дейін жоғарылаған. Нарықта сатылып жатқан электрлі көліктердің басым бөлігі Қытайдан келеді. Түрлері сан алуан. Бұл үрдіс алдағы уақытта одан әрі үдей түсуі ықтимал. Себебі Қытай «EV» өндірісін арттырып қана қоймай, оны толықтай экспортқа бағыттап жатыр. Оның үстіне, Әмірлік билігі электромобильге арналған ең озық инфрақұрылым қалыптастыруға ниетті. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың электр көліктеріне көшуін жеделдетіп отыр.

Авторы: Рауан Мыңбай