
Әр ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті.
Мемлекет басшысы Бурабайда өткен құрылтайда демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғыртуды және жаңа футбол стадиондарын салуды тапсырды.
Елдегі балалар футболының қазіргі жай күйі қалай?
Әлішер Әли, тілші:
- Тұлпар мініп, қамшы ұстаған қазақ баласына футбол жат емес. Тіпті қарапайым ауылдан шыққан, Мұхтар Әуезовтің де Семейдегі «Ярыш» футбол клубында доп тепкенін білеміз. Иә, жазушы болу да, футболшы болу да талантты қажет етеді. Ал талантқа талап керек. Ондай таланттар ауылда жүр. Енді солардың талабын ұштай алсақ.
Ернат Кеңесов, жаттықтырушы:
- Негізі болашақ футбол жұлдызы ауылда жүр. Ауыл баласының бойында намыс та бар, сергектік бар. Қазіргі қазақ футболына жетпейтін ең керекті нәрсе рухшыл, намысшыл балалар ауылда жүр.
Елде еңкейген қарттан жасөсіпірім балаға дейін футболға құмар. Оған елордада өткен 8-9 жастағы балалар арасындағы республикалық турнирде куә болдық. Әліппесін енді таныған балалар допты ұршықша иіріп жүр.
Әлтайыр Қышбаев, жарысқа қатысушы:
- Иә, Әлтайыр сынды балалар қазақ футболының болашағы. Мұндай жасөспірім елде жетерлік. Алайда олар еркін көсілетін спорт нысандары аз. Бірақ бұл мәселе де шешіліп келеді. Мәселен тозығы жеткен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның орнына жаңа спорт нысаны салынады. Құрылыс биыл жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар. Жаңа кешен 3598 орынға есептелген. Стадион UEFA халықаралық стандарттарына сәйкестендіріледі.
Еркебұлан Жомарт, №8 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы:
- Заман талабына, стандарттарға сай өте жоғарғы деңгейде салынып жатыр. Сондықтан стадион біздің мектептің балансына беріледі. Біз өте қуаныштымыз. Асыға күтіп отырмыз. Балалардың жаттығуы жақсы жағдайда жасалған. Бұл балалар үшін қуаныш. Олар стадионның ашылуын күтіп жүр.
Мемлекет басшысы Бурабайда өткен құрылтайда демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғыртуды және жаңа футбол стадиондарын салуды тапсырды. Бұл алдағы екі жылдың міндеті. Футбол сарапшылары енді 5 жылдан кейін ауыл балалары әлемдік деңгейге шығады деп қуанып отыр.
Ермұхамед Мәулен, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы:
- Қойдың соңында жүгіріп, одан тай үйретіп, өсе келе жүйріктің жалын ұстап өскен бала шынығып, ширығып өседі. Тек көп аймақта доп тебуге жағдай жасалмаған. Енді осы олқылықты толтырсақ, әлемдік аламанда ауыл баласы олжа салары анық. Роналду мен Мессилер қазір сол ауылда жүр..
Авторы: Әлишер Әли