• 13-03-2025

«Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы 9000 сәби өмірге келді

Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы 28 мыңнан аса әйелге көмек көрсетілген, деп хабарлайды 24kz.

Сәбидің сыңғыр күлкісі мен баланың былдырын күткен отбасыларда 9000 сәби өмір есігін ашты. Жасанды ұрықтандыру арқылы балалы болғысы келетін үміттілер қатары жыл сайын артып отыр. Президент тапсырмасымен қолға алынған жоба аясында жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Аталған мемлекеттік көмекті ерлі-зайыптылар жылына бір рет қолдана алады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда ЭКО-ға өтінім беретіндердің дені, орта жастағылар. Елде 14 мыңға жуық әйел бедеу есебінде тұр. Мұның себебін мамандар бірнеше фактормен түсіндірді.

Ләйла Чалова, гинеколог репродуктолог:

- Бедеулік пен белсіздіктің незізгі себептерінің бірі – экологиялық жағдай мен адамның өмір сүру салтының өзгерісі. Қазіргі таңда жасанды ұрықтандыруға 35-40 жастан асқан әйелдер көбіне жиі келеді. Әрине, бұл жақсы үрдіс емес. Десе де, мұны жоққа шығаруға болмайды. Көрсеткіш жыл санап өсіп жатыр десем де болады. Менің ойымша, бала көтере алмаудың тағы бір себебі уақытылы тұрмыс құрмағандықтан. Көп жағдайда қыздар жұмыс, оқу деп жүріп алады. Ұрықтың белсенділігі жас келе төмендей бастайды. Содан барып отбасылар ЭКО-ның көмегіне жүгінеді.