• 17-06-2025

Қызылорда облысында қылмыс азайды

Қызылорда облысында қылмыс азайған. Былтырғы жылмен салыстырғанда құқық бұзу деректері 7 пайызға төмендеген. Облыстық Прокуратураның бастамасымен қоғамдық тәртіпті одан әрі күшейту мақсатында «Заң мен тәртіп» республикалық форумы өтті.

Құқық қорғау органдары заман талабына сай трансформацияланып, ІТ, жасанды интеллектінің көмегімен қылмысты азайтуға күш салып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын жаңалауға 8 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ прокуратура бірқатар тың жобаларды қолға алып, құқықтық көмек көрсету тетіктерін оңтайландырған.

Ризабек Ожаров, облыс прокуроры:

10-нан астам жоба ұсынып жатыр. Оның ішінде, біздің өңірімізде 3 жоба прокуратура бастамасымен іске асырылып жатыр. ІТ тергеу, смарт білезік және қылмыссыз ауыл деген жобалар. Инвесторларға қатысты чат-бот бар. Қандай да сұрақтар болса, көмектесуге дайынбыз.

Форум аясында қылмыстың алдын-алуда құзырлы органдар ғана емес қоғам болып жұмылудың маңызы айтылды. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі тақырыбында елімізге белгілі қоғам қайраткерлері ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері:

Біздің сан ғасырдан келе жатқан қазақтың кереметтей шешен тілі бар, салт-дәстүрі бар. Қазақ кез келген тәрбиені бір мақалмен, бір салт-дәстүрмен білген. Абайдың айтқан әділетті сүю, Шәкәрім айтқан ұжбандағы әділеті. Яғни, балам өмірдің ақ пен қарасында шындықты, адалдықты қаласын деп мақсат берген.

Аймақта заң мен тәртіпті күшейту мақсатында облыстың барлық ауданында жедел басқару орталықтары ашылып, көшелер мен көпқабатты үйлердің ауласына 500-ден аса бейнебақылау камерасы орнатылды. Соның арқасында қылмыс азайып, қауіпсіз, жайлы орта қалыптасып келеді. Алдағы уақытта облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы бағыттағы жобаларға жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты.

Әділбек Серікұлы