• 31-03-2025

Алматы облысындағы баспана былығы: депутат шенділердің махинациясын әшкереледі

Жалған құжаттар, ұйымдасқан махинация, арзанға алып, қымбатқа сату. Мұның бәрі Алматы облысы Райымбек ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған баспанаға қатысты болып отыр. Massaget masele даудың басы қайдан шыққанын зерттеді.

Мәселе әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға бөлінген қаражат дұрыс игерілмеуінен басталған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл былықтың іздері 2019 жылдан бері жалғасып келеді.

"Ең сорақысы бұл іске тікелей қатысы бар тұлғалардың бірі — Алматы облысы әкімінің орынбасары, ал екіншісі аудан әкімі болуы мүмкін", — дейді арызданушылар.

Ауылдан сайланған мәслихат депутаты бюджет қаржысы игерілу барысын зерттеп, көптеген заңсыздықтың бетін ашқан.

"Порталдан көріп отырамыз ғой, бағасына татымайтын үйлер сатып алына бастады. 2023 жылы депутат болдым, сосын осы тақырыпты әрі қарай зерттедім. Біздің бір шырылдайтынымыз: үйдің сапасы мен бағасы сәйкес келмейді. Аспандағы баға, ал алынған үйге барсаң жүрегің ауырады. Бұл Нұржан Кеңесұлының кезінен бастап істелген, Ғалым Сәлімұлы, қазіргі әкім де хабарсыз болуы мүмкін емес. Сатып алынған үйлердің 80 пайызына барып шықтық. Алынған үйлерге жалған құжат жасау мәселесі де болып тұр", — дейді Райымбек ауданы мәслихаты депутаты Бекжан Жүнісов.

Депутаттың сөзінше, бұл бір ғана лауазымды тұлға істеген махинация емес, бұл жерде бірнеше фигурант болуы мүмкін. Ол құзырлы орган өкілдері жіті тексерсе деп отыр. Өйткені баспанаға мұқтаж болып, кезегін күтіп отырған жан аз емес.

Бекжан Жүнісов осындай хәлдегі бірнеше мекенжайды көрсетті.

Оған қоса Жамбыл ауылында тұратын көпбалалы ана да арызын жеткізді.

"Бұл үйге жөндеу жүргізетін жағдайым жоқ. Алатыным — 160 мың теңге, екі студент оқытып отырмын. Қайсына жеткіземін?! Күйеуім алты баламен тастап кеткен. Жалғызбасты анамын, кредитім бар. Енді далада қалуым мүмкін, басқа қайда барамын?! Аудан әкімі "қажет етепесең босат" дейді", — деді ол.

Бұл үйдің терезесі жоқ, адам тұруға мүлде жағдай жасалмаған.

"Бұл үйді 3 млн теңгеге сатқан, иесімен сөйлестім. Сөйтсем ортадан "жеп" отыр, жөндеу жұмысын жасап беруі керек еді, бірақ жөндеусіз беріп отыр. Мына жерде 8.5 млн теңге деп тұр", — дейді көпбалалы ана.

Келесі аялдама — Нарынқол. Ауыл ақсақалы Ерлан Көккөзов бюджеттен бөлінген ақша діттеген жерге жетпей жатқанына налиды.

"Қыруар ақша бөлініп жатыр. Райымбек ауданына, мемлекетке ешқандай халықтың реніші жоқ. Бері келгеннен кейін дұрыс жұмыс істелмей жатыр. Нәтижесін халық көре алмай отыр. Туып өскен жеріме мемлекет сондай ақша бөліп отырғанда гүлденбегеніне ішім ашиды. Ұрпағым үшін ішім ашиды" — дейді Ақсақалдар алқасының төрағасы Ерлан Көккөзов.

Мәселе енді қалай шешілмек? Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға бөлінген қаражат қайда кетті? Құзырлы орган тексеріс бастай ма?

Осы және өзге де өзекті сауалдардың жауабын материалдың видео түріндегі толық нұсқасынан көре аласыздар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget