• 13-06-2025

Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен әкім жазадан құтылды

Ақтөбеде сирек кездесетін қызғалдақты жұлып, суретке түсті деп айыпталған ауыл әкімі жауапкершіліктен босатылды. Сот әкімшілік құқық бұзушылық жасалған орын нақтыланбағандықтан және келтірілген зиянның мөлшері анықталмағандықтан осындай шешім шығарды.

Естеріңізге салсақ, Мұғалжар ауданында ауыл әкімі қызғалдақпен суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге салған. Бұл әрекеті құқық қорғаушылардың назарын аударды. Ләззат Бердібаева гүлді табиғат аясында демалып жүрген сәтінде кәмелетке толмаған қыздарының сыйлағанын айтқан еді. Істі қарау барысында қызғалдақтардың түрін анықтау үшін ботаникалық-ғылыми сараптама да тағайындалып, құқық бұзушылық жасалған жерді қарау үшін көшпелі сот та ұйымдастырылды. Дегенмен, әкімге қатысты жаза тағайындау үшін қажетті деректер жиналмаған.

Айпатша Мусина, судья:

Хаттама толтырған лауазымды тұлға құқық бұзушылық болған жерді нақты анықтамаған, бұдан басқа әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар ұсынбаған. Ботаникалық ғылыми сараптамасының қорытындысы негізінде қызғалдақтың түрі анықталмаған.

Жақсыбек Кемал