• 16-06-2025

Ақтөбе облысында балық шаруашылығы екі есе артты

Ақтөбе облысында кейінгі екі жылда балық шаруашылығы екі есе артты, деп хабарлайды 24kz.

Кей қожалықтар бұрын өңірде болмаған балық түрлерін көбейте бастады.

Уылдырығы бағалы бекірені айтпағанда, қара құрлықтың жылы суында өсетін жайынды да жасанды көлде өсіріп отырғандар бар. Шаруалар шабақтан тауарлы балық өсіруге ниетті.

Мәртөк ауданының Қаратаусай ауылының тұрғыны Дмитрий Попов сарайында қой-ешкі мен ірі-қараның орнына ханбалық, жайын, бекіренің шабақтарын өсіреді. Нарықта қыруар қаражатқа саудаланатын жапон сазаны да бар. Облыс орталығынан қоныс аударған кәсіпкер жақын маңдағы көлді жалға алып, балық көбейту үшін мыңдаған шабақ жіберген.

Дмитрий Попов, аудан тұрғыны:

- Бала күнімде ауылдағы атама келіп, айналадағы өзен-көлдерде балық аулайтынбыз. Тамылжыған табиғаты бар бұл жерлерде қармағымызға тұқы, ақ амур түсетін. Қазір су қоймаларында балық қалмаған. Табан балықтан өзгесі кездеспейді. Сондықтан ақ амур мен тұқы шабақтарын жібердім.

Ал, жабық тоғанда бекіренің бірнеше түрі – шортан бекіресі, қорытпа, орыс-лен бекіресі мен ескектұмсық бар. Жас кәсіпкер жылына 20 тонна өнім алып, нарыққа жөнелтуді жоспарлайды. Ол үшін кәсіби құрал-жабдық қажет. Қазірдің өзінде уылдырық сауып, шабақ өсіруді игерген.

Дмитрий Попов, аудан тұрғыны:

- Мұнда төрт торкөз орнатылған: біріншісінде 2 мың дана ескектұмсық бекіре, екіншісінде 2 мың дана ақ амур, үшінші және төртінші торкөзде тұқы бар. Мұнда біраз уақыт ұстап, кейін оларды бөгетке жіберемін. Шабақ шағында шағын су қоймада өскені дұрыс. Суы жылы, жем-шөбі, табиғи азығы мол. Сондықтан шабақтарды осында 5 см-ге дейін өсіремін.

Ақтөбе облысында балық шаруашылығын дөңгелетуге қолайлы 134 су қоймасы бар. Қазір олардың 85-ін кәсіпкерлер игеріп отыр. Екі жыл бұрын өңірде 30 шаруашылық болса, биыл 60-тан асқан. Таңсық іске бел шеше кірісуге мемлекеттік қолдау да мұрындық болған.

Бекболат Нұрашев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде екі субсидия қарастырылады. Аквакультура, яғни, аквамәдениет бойынша оның жаңағы жем-шөбі болсын, басқа балық, шабақтарды алу бойынша мысалы ұсыныс жасаған уақытта біз қарастырып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп келе жатырмыз. Инвест-субсидия қарастырылған. Ол жаңағы өндірісті әрі қарай дамыту немесе оған тиісті құрал жабдықтар сатып алу т.б. жұмыстар осы ережеге сәйкес жүргізіледі.

Нәтижесінде өнім көлемі де артып келеді. Мәселен, былтыр Ақтөбе облысында 626 тонна балық ауланып, нарыққа шығарылса, биыл 1400 тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев