• 02-04-2025

Әлем кубогінің жолдамалары Алматыда сарапқа салынады

2-10 сәуір аралығында Алматыда шахматтан Азия аймағы бойынша Әлем кубогінің іріктеу турнирі өтеді. Оған Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстаннан келген 136 (94 ерлер+42 әйелдер) ойыншы қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Осыдан екі жыл бұрын Тәжікстанның бас шаһары – Душанбеде ұйымдастырылған іріктеу сайыстарында небары үш жолдама сарапқа салынған еді. Ол кезде жерлестеріміз Әсел Серікбай мен Әлішер Сүлейменов және өзбекстандық Нодирбек Якуббоевтың бағы жанып, Әлем кубогіне қатысу құқығын жеңіп алды. Ал биыл лицензиялар саны жетіге жетіп отыр. Алматыдағы жарыстың қорытындысы бойынша Нью-Делидегі додаға (1-26 қараша) төрт жігіт қатысса, үздік шыққан үш қыз Батумидегі бәсекеде (5-29 маусым) бақ сынайды.

Аталған жарыстың жүлде қоры 20 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстың жеңімпаздары 3 мың доллардан иеленсе, екінші және үшінші орын алғандарға 2,5 мың мен 1,5 мың доллар тиесілі. Сондай-ақ, төртінші ($1,2 мың), бесінші ($1 мың) және алтыншы ($800) орын алғандарға да сыйақы беріледі.

Қазақстанның туы астында ерлер арасында Қазыбек Нөгербек (GM, 2530 ұпай), Әлішер Сүлейменов (GM, 2484), Рамазан Жалмаханов (GM, 2482), Жандос Ағманов (IM, 2469), Арыстанбек Оразаев (IM, 2467), Эдгар Мәмедов (IM, 2456) және Азамат Өтеғалиев (IM, 2456) қорғаса, әйелдер сайысында Меруерт Камалиденова (IM/WGM, 2355), Алуа Нұрман (WGM, 2336), Лия Кұрманғалиева (FM/WGM, 2272), Ксения Балабаева (WGM, 2270), Елназ Қалиахмет (WGM, 2241), Әсел Серікбай (WIM, 2235), Аяулым Қалдарова (WFM, 2204) және Зарина Нұрғалиева (WFM 2178) өнер көрсетеді.

Өзбекстан құрамасы да өзінің мықты шахматшыларын Алатау баурайына әкеле жатыр. Аталған турнирде бақ сынайтындар арасында Мұхиддин Мадаминов (GM, 2550), Әбдімәлік Әбдісәлімов (GM, 2525), Ортик Нигматов (GM, 2501), Мұхаммадзохид Суяров (IM, 2474), Саидакбар Сайдалиев (M, 2461), Афруза Хамдамова (WIM, 2350) және Умида Омонова (WIM, 2242) сынды шеберлер бар. Сондай-ақ, Түрікменстанның сапындағы Сапармұрад Атабаевты да (IM, 2529) атап өтуге болады.