• 21-11-2025

Домбыра 6000 жыл бұрын пайда болған

Ұлт рухының үніне айналған домбыра! Әр пернесінде тарих, әр қылында тағдыр жатқан киелі мұра шілденің алғашқы жексенбісінде ерекше ұлықталады. Бұл күн – Ұлттық домбыра күні.

Бабалар аманаттап, кейінгі ұрпақ ұлағатты жолмен дәріптеп келе жатқан жәдігер қашан пайда болған? Көне аспаптың түп төркіні қайда жатыр?

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген ұлттық аспаптың тарихы тереңде жатыр. Ғалымдар кейінгі еңбектерінде домбыра орта ғасырда пайда болған деседі. Ұлттық мұрамыз жайлы аңыз да көп, түркі тілдес халықтары арасында талас та жоқ емес. Бірақ археологиялық зерттеуге сүйенсек, домбыра 6 мың жыл бұрын пайда болған. Ал түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы ең көне құнды аспапты осыдан 10 жыл бұрын Моңғолияның таулы аймағынан тапты.

Жанғали Жүзбаев, күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

- Ол аспап, әрине, Моңғолия мемлекетінің меншігі болғаннан кейін Моңғолия халқына тиесілі аспап болады, әрине. Бірақ домбыраның шанағына жазылған сөз Орхон заманындағы бітік жазумен жазылған. Және онда таза түркі тілінде: «Домбыра бізге жұпар әуезді үн сыйлайды» деген жазу бар.

«Шанағынан табиғаттың сыбыры мен тұлпардың дүбірін, халықтың сан қилы тағдырын айнытпай төккен аспаптың халық арасында кең таралуы Әбу-Насыр әл-Фараби өмір сүрген кезеңмен тұспа-тұс келеді», — дейді профессор Жанғали Жүзбаев.

Жанғали Жүзбаев, күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

- Әл-Фараби бабамыздың заманында бұл кәдімгі кәсіби аспап болған. Оны түрік тамбуры деген. Тамбур деген қазіргі мынау домбыра, қалмақта кездесетін домбур, ауған түріктерінде кездесетін томпура сияқты аспаптардың арғы, сөздің арғы түбірі деп санайды.

Осы күні көне аспаптың көмейінен төгілген 5 мыңнан астам күй бар. Осы дәстүрлі өнерді дәріптеген Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей мен Сүгір салған сара жол бүгінде талантты күйшілер мен жампоз жыршылардың тұнып тұрған мектебіне айналды.

Бұл – Динаның күйі «Әсемқоңыр». Бала кезінен атақты күйшінің күмбірін құлағына құйып өскен Айтолқын Тоқтағанның ұлы өнерді дүйім жұртқа дәріптеп жүргеніне ширек ғасырға жуықтапты. «Домбыраның шанағынан шыққан әр үн шеріңді тарқатып, мұңыңды ұмыттыратындай қасиетке ие», — дейді күйші.

Айтолқын Тоқтаған, күйші:

- Күй тыңдаған адам кәдімгі он екі мүшесі, тамырлары балқып, қан жүгіріп, бір керемет күйге түседі. Оның үстіне күйші күйдің шығу тарихын, аңызын айтып отырып тартса әр адам өзінің қиялына, интеллектісіне байланысты көз алдына елестетіп, түсініп, керемет тыңдайды және керемет әсер алады.

«Ақсақ құлан» күйі бәріңізге таныс болар. Құланның жарақаты, баланың өлімі, ханның қасіреті, бәрі де бір күйдің ішіне сыйып жатыр. Мінекей, тіл жетпегенді күй жеткізе білген. Домбыраның құдыреттілігі осындай. Ұлттық аспап ұлт тарихының куәгері емес, қазақ руханиятының қазынасы, ұрпаққа қажетті тәрбие құралы.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Абдулхамит Бөлекпаев, Ақылбек Есімсейітов