Сарыағаш медресе-колледжіне мемлекеттен 1,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген
Бұл оқу орнында Исламтану, Имам-хатиб, Ұстаз мамандықтары бойынша шәкірттер білім алуда. Сарыағаш медресе-ко ...
Сарыағаш қаласындағы №71 мектептің оқушылары ұялы телефонды асыққа алмастырды. Қоңырау соғылғанын асыға күткен балалар үзілісте асық ойнап, асыр салады. Жеткіншектердің ұлттық ойынға бет бұруына әкелер мектебінің үлесі зор,- дейді мектеп ұжымы.
Сарыағаш қаласының оқушылар үзілісті асыға күтеді. Себебі барлығы спортзалға барып асық ойнағанды ұнатады. Мектеп мұғалімдері балаларды ұлттық ойынға баулып, ережелерін үйретеді. Әсіресе бастауыш пен 6, 7 сыныптың оқушылары белсенді. Балалар асық ойынының бірнеше түрін біледі. Қазірдің өзінде әр оқушыда мыңнан астам асық бар.
Абзал Темірбай, оқушы:
- Асық ойнау маған өте қатты ұнайды. Мен үйде әкеммен асық ойнаймын. Қазіргі таңда асық жинап жатырмын. Біз үзіліс кезінде асық ойнаймыз. Ол біздің логикамызды дамытады. Өйткені асық – өте қызық ойын. Біз 15 минуттық қоңырауды өте қатты күтеміз.
Мектепте ұлттық ойынның кең қанат жаюына аудандық «Әкелер мектебі» мұрындық болыпты. Оны мектеп ұжымы бірден қолдаған. Себебі асық ойнаған баланың ой-өрісі жақсы дамиды. Есепке жүйрік, қимыл-қозғалысы ширақ болады.
Абылай Бердихожаев, мектеп директоры:
- Асық адамға логиканы, математиканы, жүгіруді, дәлдікті, шеберлікті үйретеді екен. Топтасып, топ болып ойнауды үйретеді. Бұның пайдасы өте үлкен.
Ата-аналар балалар телефонға телміргенше, денсаулыққа пайдасы орасан асық ойнағаны дұрыс деп шешкен. Асық баланың ептілігі мен шапшаңдығын шыңдап, көздің көруін жақсартатынын айтады. Әрі ұялы телефоннан бір сәтке жырақтайтын тамаша мүмкіндік. Сондықтан әкелер балаларына асық жинап, оны түрлі түске бояп береді.
Сәулет Қожамбеков, аудандық «Әкелер мектебінің» мүшесі:
- Қазіргі кезде біздің балаларымыз, жасөспірімдер көбісі ұялы телефонды шұқылаумен өмірін өткізіп жатыр. Міне, сондай ойыннан баланы арылту үшін «Әкелер мектебі», мектеп ұжымы болып, балаларды асық ойнауға, ләңгі тебуге, шекемтас ойнауға шақырып жүрміз. Сондықтан үзіліс кезінде осындай ойындар ойнаса, біздің ұлттық ойынымыз ары қарай дами береді деп ойлаймын.
Асық ойыны – тұнып тұрған тәрбие көзі. Ал білім мен тәрбие ұштасуы тиіс,- дейді ұстаздар. Сондықтан олар өзге де ұлттық ойындарды балалардың бойына сіңірмек ниетте.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш