• 21-03-2025

ШҚО-да қар көшкіні қаупі күшейді

Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупі күшейді, деп хабарлайды 24kz.

Соңғы күндері қар қалың жауып, ақтүтек борандар жиі болды. Қалың қардың еруі тас жолдарға қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған байланысты құтқарушылар тәулік бойы күн райын бақылап, жасанды жолмен қар көшкінін жүргізіп жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Шығыс Қазақстан облысы қар көшкіні жиі болатын аймақ. Өңірде осындай 400 қауіпті аумақ бар. Қазір мамандар таулы мекендерді тәулік бойы бақылап отыр. Өйткені, 100 шақырым тас жолды қар басып қалуы мүмкін. Әсіресе, наурыз айы қатерлі кезең.

Телғат Нұрахмет, «Қазселденқорғау» жергілікті филиалы басшысының міндетін атқарушы:

- Осы март айында, міне, 6 өздігінен түскен қар көшкіні тіркелді. Ол көбіне республикалық жолдарда. Өскемен – Алтай – Қатонқарағай және облыстық жолдарда Өскемен – Тарғын – Самара тас жолдарының бойында орналасқан қар көшкіндерінде.

Сондықтан мамандар қар көшкінін қолдан жасайды. Қазір Марқакөл, Қатонқарағай және Алтайда жарылыс жасау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар тау бөктеріне жарылғыш заттарды көтеріп шығады. Мұндай ауыр жұмысқа екінің бірі шыдай бермейді.

Ілияс Мағауянов, жұмыс тобының жетекшісі:

- Бір күнде бір нүкте емес, бірнеше орында жару керек болады. 4-5 орынға дейін болады. Және ол физикалық мықты болу керек. Жаңағы таудың үстіне 100 метр, 200 метр биіктікке жаңағу жару материалдарын көтеру керек.

Мақсат – таудағы қарды мейлінше түсіріп, қауіп-қатердің алдын алу. Одан кейін жол мамандарына салмақ түседі. «Қазсервис» компаниясының қызметкерлері Өскемен – Алтай – Рахман кілттері тас жолына жауап береді. Бұл облыс орталығын Алтай, Үлкен Нарын, Қатонқарағай, Глубокое аудандарымен байланыстыратын маңызды туристік бағыт.

Шыңғыс Зайытов, «Қазсервис» ЖШС ШҚОФ бас инженері:

- 45-ші шақырымда жол пайдалану пунктісі бар. Ол жерде 5 техника орналасқан. Сол техниканың күшімен қар көшкіні түсетін аумаққа дейін жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта техника жетеді. Жылдам тазалауға барлық шаралар қабылданады.

Осы қыста құтқарушылар 64 қауіпті ошақты жарып, тау беткейлерінен 60 мың текше метр қар түсірді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов