• 25-03-2025

Қарашөкеев зерек оқушыларға құрмет көрсетті

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында қолға алынған «Ой шебері» зияткерлік ойынының жеңімпаздарымен жүздесті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ұлттық киім киген білім алушыларды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанболат Нұрмолдаұлы қарсы алып, өңірдің бас ғимараты туралы түрлі деректермен бөлісіп, оқушыларға экскурсия жүргізді. Кейіннен өңір басшысы кітапқұмар оқушылармен кездесіп, зияткерлік ойында топ жарған оқушыларға толайым табыс тіледі.

«Көркем әдебиет – әрбіріміз үшін жаңа әлемнің есігін ашатын, ой-өрісті кеңейтетін, жүректі мейірім шуағымен нұрландыратын құндылық. Әрбір оқылған жаңа кітап сіздердің зейініңізді аша түсетіні анық. Кітап оқыған адам қай кезде де озық ойымен дараланады. Сондықтан да кітап оқуды ешқашан тоқтатпай, жаңа биіктерді бағындыра беріңдер», деді өңір басшысы өз сөзінде.

Өз кезегінде біліммен қаруланған оқушылар өңір басшысына ризашылығын жеткізіп, бұл кездесу олардың ізденіс ізіне түсуіне серпін беретінін айтты. Кездесу барысында Е. Қарашөкеев кітапқұмар жасөспірімдерге арнайы Алғыс хат және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын табыстады.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы әкімдігі мен «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі демеушілерді тарта отырып, 18 қаңтарда «Ой шебері» зияткерлік ойынын ұйымдастырды. Оған Тараз қаласы мен аудандардан 90 команда (450 оқушы) қатысты. Білім бәйгесіне қатысушыларға өңірден шыққан танымал жазушылар мен ақындардың шығармаларына қатысты сұрақтар қойылды. Нәтижесінде Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарының намысын қорғаған мектеп оқушылары топ жарды. Жеңімпаз 3 командаға қаржылай сертификат табысталған болатын.

6 кезеңнен тұратын тартысты бәсекеге қатысушылардың арасында 300 кітап оқыған Асқар Нұрмахан, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 250 өлеңін жатқа білетін Кәусар Қашқынбай, жүзден астам кітаптың тереңіне бойлаған Нұртілеу Сатыбалды секілді жас өрендер бар.

Жамбыл облысы