• 29-03-2025

Ядролық кластер – АЭС-тен бөлек, тұтас сала

Ядролық кластер. Бұл Атом электр стансасын салу ғана емес, оның төңірегінде экономика, ғылым, өндіріс, экология және әлеуметтік бастамамен астасып жатқан тұтас сала. Ядролық Энергетика жөніндегі агенттіктің құрылуы еліміздің осы бағытта жоғары амбиция қойып отырғанын аңғартады.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Әлгі өз елімізде шығарылатын ядролық отын, ядролық уран таблеткалары туралы жиі естідік қой. Сол осы. Мынау дайын өнім. Ұзындығы 5 метр. Жылу бөлгіш жинақ деп аталады. 1 мың мегаваттық реакторлармен жұмыс істейді. Ал мынау осы құрылғыны жинақтау процессі. Мына ұзын түтікшелердің ішіне мына уран таблеткалары тізбектеліп салынады. Бұның әрқайсысы 7 млн, ал жалпы құрылғының ішінде жиыны 500 келіге дейін ядролық отын бар. 1 таблетка 700 келі көмірді алмастыранын ескерсек, 500 келі ядролық отынның қандай қуат беретінін бағамдай беріңіз. Өскемендегі бұл өндіріс ядролық отынды қайдан аламыз, қайда сатамыз дейтіндерге жауап.

Владимир Вахненко, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

-Қытайда 12 атом станциясы дәл осы отынды қолданады. Мына құрылғы 1,5 екі жылда бір жүктеліп отырады. Жылына 6-7 рет өнімді жібереміз. Бір станцияға мынадай жылу бөлгіш жинақтың 60-72 данасы кетеді. Ол 35-38 тонна уранға тең.

Мейіржан Юсупов, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

-Өткен жылдың маңызды жетістігі – «Үлбі-ТВС» толық жобалық қуатқа шықты. Бұл жылына ТВС түріндегі 200 тонна төмен байытылған уранға тең. Қазақстан Орталық Азиядағы осындай өндірісі бар жалғыз ел саналады.

Уран таблеткаларына шикізатты қайдан аламыз дейтін емес. Қазақстан аталған стратегиялық шикізаттың барланған қоры және оны өндіруден әлемдегі көшбасшы ел. Өткен жылы елімізде 23 мың тонна уран шикізаты өндіріліп, оның 16,5 мың тоннасы экспортқа шығарылды. 2023 жылмен салыстырғанда 26% артық табыс түсіп, былтыр ол 1,8 трлн теңгеге жетті. 723 млрд тг бюджетке салық ретінде аударылса, оның ішінде 31 млрд теңге жергілікті бюджеттерге бағытталды.

Айта кету керек, Атом электр стансасын салу мәселесі қоғамда кең әрі қызу талқыланды. Былтырғы өткен референдумда халықтың басым бөлігі «ИӘ» деп жауабын берген соң, энергетика саласының жаңа дәуіріне жол ашылды.

Бұл туралы биылғы Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы айрықша атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.

Мемлекет тарапынан жаңа қадамдардың жасалуы атомшыларды қамшылай түскендей. Шикізат қоры мол, бірақ оны еселеумен қатар ел аумағынан тыс жерде уран өндірісіне қаражат салу маңызды.

Мейіржан Юсупов, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, компания ресурстық базаны кеңейту және тиімді пайдалану бойынша жұмысты жалғастырады. 2024 жылы Түркістан облысында шамамен 170 мың тонна болжамды әлеуеті бар уранды барлауға жаңа лицензия алдық. Моңғолияның аумағында уранды барлау және өндіру жобаларын зерделеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Атом энергиясы экологиялық таза қуат көзі болғандықтан, 3 станса салуға деген ұмтылыс түсінікті. Бірақ қазіргі экологиялық мәселелердің шешіміне елдің атомшылары атсалысып, былтыр 1 млрд тг қаражат бөлген. Сондай-ақ әлеуметтік мақсаттар да назардан тыс қалмаған. Уран өндірістері орналасқан өңірлерге 4 млрдқа жуық теңге бағытталған.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков